Роналду көз жасына ерік берді

681

0

Катарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында Мароккодан жеңілгеннен кейін Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду көз жасын жасыра алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төреші ысқырығы естілісімен-ақ К.Роналду мінбе астындағы орынға бет алды.

Атақты ойыншының мұндай көңіл-күйге ерік беруі түсінікті еді. Қазіргі кезде 37 жастағы Роналдудың келесі әлем чемпионатына қатысуы неғайбыл болатын.

Мароккомен матчта шабуылшы 51-минутта алаңға шықты. Сөйтіп ол Португалия құрамасы сапындағы 196-ыншы ойынын өткізді. Бұл көрсеткіш жөнінен К.Роналду Кувейт ойыншысы Бадер Аль-Мутавамен теңесті.

Бес дүркін «Алтын доп» иегері атанған Роналду осыншама рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы болды. Еуропа және Ұлттар лигасының чемпионы деген атағы тағы бар. Ол – ұлттық құрамалар, Еуропа біріншілігі, Чемпиондар лигасы, клубтық әлем чемпионаты және «Реал» клубы (Мадрид) тарихындағы үздік сұрмерген. Оған тек әлем чемпионы деген атақ жетпейтін еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<