Тарыдай болып мектеп қабырғасын аттаған бүлдіршіндерден үлкен тұлға қалыптастыру екінің бірінің қолынан келе қоймайтын аса күрделі шаруа екені сөзсіз. Мұндай қадамға баратын мұғалім қауымына қоғамның құрметпен қарайтыны да сондықтан шығар. Бүгінде ұлы мамандық иелеріне деген құрмет өлшемі уақыт өткен сайын артып келеді. Нақтысы, білім саласына деген қолдау еселене түсті. Оған дәлел Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагогтардың мәртебесіне қатысты тапсырмасы.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғап келе жатқан жас буын ұстаздарға, жастарға мемлекеттің назары ерекше екеніне биылғы жылдың «Жастар жылы» деп аталуының өзі де дәлел болса керек. Тамыз педагогикалық кеңесінде Президент Қ.Тоқаев пен Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов айтқан жаңалықтар тағы бір серпін берді. Енді, міне, аталған салаға деген қамқорлықты сезініп келеміз.
Ел болашағы – білімді ұрпақта. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни жаңа бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ол – нағыз ұстаздың қолынан келетін іс. Бүкіләлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыс, қоғам дамуындағы қалыптасқан жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өмірге бейімделу қажеттілігін туындатып отыр. Мемлекет білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуде. Президент Қазақстан халқына жолдауында білім беруге, жаңа реформаларды жүзеге асыруға айрықша мән берді.
Ел тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданатын болды. Бұл – әрбір педагогтың әл-ауқатына тікелей қатысы бар нағыз тарихи құжат. Бүгінгі білім беру жүйесіндегі барлық техникалық жаңалықтар жағдайында мұғалімге жүктелер міндет жеңіл емес. Себебі білім берудің уақыт талабы мен заманауи экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін деңгейін қамтамасыз етуі тиіс тұлға – мұғалім. Олай болса, қоғамдағы мұғалімнің мәртебесі өз қолында екені анық. Ал ұстаздың мәртебесі артса, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолға қойылады. «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» деген сөз бар.
Иә, біздің жетістігіміз оқушының білімімен өлшенеді. Шәкіртіміз шыңға шықса, балаша шаттанамыз. Сондықтан еселі еңбектің күрделі жолында, жас буын тәрбилеу ісінде еңбек етіп келе жатқан ұстаздар қауымына деген қоғамның құрметі ешқашан түгесілмейді.
Мәдина ЖАҚСЫБАЕВА,
Ү.Түктібаев атындағы
№24 орта мектеп мұғалімі.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<