Орман – жер бетіндегі табиғи қорлардың, оның ішінде өсімдіктер жамылғысының басты бір типі. Құрамында бір-біріне жақын өскен ағаштардың бірнеше түрі қатар өсіп, аймаққа әр беріп тұратын табиғи кешен. Адамның өсімдіктер мен жануарлар дүниесінен эстетикалық ләззат алуына мүмкіндік береді десек, қателеспейміз. Қаланың қапырығы мен шаң-тозаңынан бір сәт демалып, жасыл желек ортасында терең тыныстағанға не жетсін? Қызылды – жасылды гүлдерге көз тоймай қарап, құстардың сайраған дауысын тыңдап, табиғаттың сұлулығына тамсанудың өзі де жанға жайлылық сыйлайды. Ал,осы кереметтің бәрі әп-сәтте жойылып кетуі мүмкін. Оның себебі тілсіз жау – өрттің қаншама шығын әкелетіні айтпаса да түсінікті болар.
Орман өрті – абайсызда жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан, ауа температурасының өте жоғары болуынан және кейбір азаматтардың табиғат аясындағы демалыс кезінде жаққан от алауларының толық сөндірілмеуінен, дұрыс сөндірілмеген темекі қалдықтарынан, құрғақ шөптердің маңайында қалған шыны бөтелкелердің әсерінен пайда болатын апат. Мұндай жағдайлар көбінесе құрғақшылық кезеңдерде, ерте көктем мен күз мезгілінің аралығында болады. Оның негізгі себебі – егін алқаптарындағы ауыл шаруашылығы қалдықтарын өртеген кезде қауіпсіздік талаптарының тиісті деңгейде сақталмауынан туындайды.
Орман өрттері өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің азаюына және жойылуына әсерін тигізеді. Сонымен бірге тілсіз жаудың салдары ағаш қорын кемітумен қатар, оның өсуін нашарлатады, жалын шарпыған ағаш тез қурайды, жел, дауылда сынғыш келеді. Өрт желдің күшіне, бағытына қарай өршиді.
Орман өртін сөндіру үшін көбіне табиғи кедергілер – өзен, жыра, батпақ, жол және орманды, тоғайлы алқаптарда арнайы жүргізілген минералды жолақтар пайдаланылады. Қауіпті аймақтарда орман саласына қатысты мекемелерде арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылып, өрттің алдын алу шаралары жүргізіледі.
Қазіргі уақытта ауа райының жауын-шашынсыз құрғақ және ауа температурасының өте жоғары болуына байланысты табиғат аясындағы демалыста және басқа да уақыттарда өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау сондай-ақ, өрт оқиғасы байқалған жағдайларда құзырлы органдарға тиісінше ертерек хабарлау қажеттігі сұралады.
Р.БУРАБАЕВ,
облыстық орман
шаруашылығы және жануарлар дүниесі
аумақтық инспекциясының бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<