Рух биігі

351

0

Жақында Қазалы қаласында Асан-Қазалы көтерілісінің құрбандарына арнап салынған ескерткіштің жаңартылуына байланысты «Жанқожа батыр» мешітінде ас беріліп, құран оқытылды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген дәстүрлі қағиданы ұстаным еткен ел азаматтары іс-шараны жоғары дәрежеде өткізді. Аста сөз алған ел ағалары, ауданға белгілі азаматтар тәуелсіздік жолында құрбан болғандардың халық санасында мәңгілік қалатыны туралы тұшымды пікірлер айтты. Келесі жылы болатын Асан-Қазалы көтерілісінің 90 жылдығын атап өту жөнінде өз ойларымен бөлісті. 

Тәуелсіздік – қазақ халқының болмысында айрықша орын алатын ұғым. Осы жолда қиыншылықтарды бастан өткізген, найзаның ұшымен, білектің күшімен жерімізді қорғап қалған ата-бабаларымыздың рухы ешқашанда ұмытылмауы керек. «Жерім, елім» деп басын өлімге қиған ұлт-азаттық көтерілістерінің құрбандары мәңгілік есте қалуы керек деп ойлаймыз. Өткен ғасырдың 1920-1930 жылдары Кеңес Үкіметінің солақай саясатынан қазақ елінде ашаршылық болғаны белгілі. Күштеп жасалған колхоздас­тыру, асыра сілтеушілікке қарсы Қазақстанның көптеген аумақтарында көтерілістер болды.

Атап айтсақ, оңтүстік өңірде болған Созақ көтерілісі, батыс аймақты шарпыған Адайлар көтерілісі. Солардың бірі – Қазалы аумағында болған Асандар көтерілісі. Көтеріліске үш мыңға жақын адам қатысқан және ол аяусыз басып жаншылды. Қаншама азамат жапа шекті. Жер аударылды, жазаланды, атылды, түрмеге қамалды. Бұл табан астынан болған оқиға емес. Халықтың сол кездегі әкімшілік-әміршілдік жүйеге қарсылығы. Жастар санасына ­ата-баба қайсарлығы, рух биіктігі ұялауы қажет деп санаймыз. Сонда ғана ұрпақтар арасында диалектикалық байланыс орнайды. Рухы күшті халық қана алдына қойған мақсатты орындай алады, әлсіз халық қаңбақ шөп сияқты заманның ағымына төтеп бере алмауы мүмкін.

Біз тәуелсіздік үшін жан пида болған ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпауымыз керек. Тарих тағылымы уақыт  пен кеңістік барысында  замана  шындығын дәлелдейді.

Өткенімізді еске алып, құрметтей отырып, оны қазіргі қазақ қоғамының рухани болмысымен байланыстырсақ, қоғамда даму болады. Рухани жаңғыру дегеніміз осы. Рухани жаңғырудың арқасында ел келешегі – жастардың бойында патриоттық сезім, отансүйгіштік рух қалыптасады. Осындай ауқымды істі қолға алып жатқан ел азаматтарына алғысымызды білдіреміз.

 

Баймырза 

ҚОЖАМБЕРЛИЕВ, 

профессор, 

Қазалы ауданының 

құрметті азаматы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<