Рухани жаңғыру- ұлттық құндылықтарымызды дамытуға жаңа серпін

375

0

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында руханиятқа, ғылым, білімге маңыз беруі ұлтымыздың кемелденуінің қозғаушы күші болып табылады. Әлемдік жаһандану заманында  ұлттық  болмысымыздан ажырап қалмау үшін ұлттық кодымызды сақтап қалудың маңызы зор. Елбасымыз  Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайтынын ескертті. Әлемде қанша ұлт болса, әрқайсысының өзінің ұлттық ерекшелігі байқалып тұрады. Сол сияқты біздің ұлтымыздың да өзін даралайтын ерекшелігі бар.

Рухани құндылықтарымызды дамыту  мемлекетімізді нығайтып, оның «Мәңгі ел» болуына  серпін беретіні сөзсіз. Өзінің негізгі тамырынан ажыраған халық ұзаққа бармайтыны айқын. Моңғол- татар, жоңғар шапқыншылықтарын басымыздан өткізіп, 70 жылдан аса Ресейдің қол астында болсақ та ұлттық болмысымызды сақтап қалған халықпыз.  Тағдырдың тәлкегімен, туған жерінен ажырап,  алыс, жақын шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың тілін, дінін, ұлттық дәстүрлерімізді сақтап қалуы, елге деген сағынышы бізге үлгі болуы тиіс.

Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы жастардың бойында  патриотизмді қалыптастыруға, өлкеміздің тарихын жаңғыртып, зерттеуге кең мүмкіндік береді. Осы орайда  Қызылорда облысының қойнауы тұнған шежіре деп ауыз толтырып айтуға болады.  Осы бағдарлама аясында өзінің ізденістерін күтіп тұрған  мәселелер жетерлік. Бұл бағытта жүзге жуық  жоба ұйымдастырылуда.  Облысымызда Шірік Рабат, Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Жент қалашықтарына, Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне  археологиялық зерттеулер жүргізіліп  келеді. Облыстық мемлекеттік архивіміз жаңа ғимаратқа қоныс теуіп, облысқа қатысты шетел мұрағаттарындағы құжаттармен толықтырылуда.  

Елбасы «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деген еді. «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы   жастардың білім көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз. Осы кезге дейін  жоғарғы оқу орындарында көбіне Ресей ғалымдарының оқулықтарының аудармасы оқылып келді. Оның үстіне өзіміздің ғалымдарымыздың жазған оқулықтарының тиражы аз болып, басқа облыстарға жетпей жатады.

Шетелдердің танымал университеттерінде оқылып жатқан оқулықтардың қазақ тіліне аударылып,   ұсынылуы жастарға берілген үлкен мүмкіндік, мемлекеттің қамқорлығы деп есептеймін. Әлемнің озық деген таңдаулы оқулықтарын қазақ тілінде сөйлету  озық ойлы, бәсекелестікке қабілетті ұлт жастарын  қалыптастыруға  септігін тигізеді.

Айдана Шамшат.

№39 Қызылөзек орта мектеп оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<