Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет екенін жазады.
Сонымен қатар, экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермегенін, бүгінгі жаңа атаулар ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ басқанымызды, бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жететінін атап өтеді.
Осыған орай, Қызылорда мемлекеттік университеті оқытушыларының ұйымдастыруымен қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының негізінде біршама жұмыстар жүргізілуде.
Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдай жасалды.
Әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік бар.
2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерге осы оқулықтарды пайдалану арқылы білім беріліп жатыр. Әсіресе, «Кәсіпкерлік», «Менеджмент» пәндерін оқытуда осы оқулықтарды пайдалану арқылы кәсіпкерлікке тәрбиелеудің жолдарын үйретуде.
Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін, білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз керек.
Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық – рухани күш, қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені, білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың негізі, ел дамуының бастауы.
Бүгінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жүйелі іске асып жатыр. Осыған орай шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша бірқатар бағыттарда жұмыстар атқарып отыр.
Қазіргі таңда барлық мамандықтар бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән оқытылуда. Басты мақсат – құрылыс, ауыл шаруашылығы, педагогикалық бағыттар және басқа да салалар бойынша оқып жатқан студенттерге кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету.
«Кәсіпкерлік» пәнін оқытуда студенттерге жалпы бизнес-жоспар құрылымы, бизнес этикасы, бизнестегі қаржылық сауаттылық, алынғын қаржыларды қайтару мәселесі қарастырылады.
Бизнес-жоспар – кәсіпкерлікке байланысты басқарушылық шешімдерді кешенді, жүйелі түрде түсіндіретін, алдына қоятын мақсаттарды және одан шығатын міндеттерді анық көрсететін, сыртқы және ішкі жағдайларды объективті тұрғыда бағалайтын, мақсаттарға жету үшін қажетті ресурстарды анықтайтын, берілген шешімнің тиімділігін дәлелдей алатын құжат.
Бизнес-жоспар жасауда төмендегі сұрақтарға баса назар аударылғаны жөн:
• Сізге қанша құрал қажет?
• Сізге берілген ақша қалай жұмсалады?
• Сіз өз өніміңіз немесе қызметіңізді қай жерде және қалай сатасыз?
• Өз инвесторларыңызға ақшаны қалай қайтарасыз?
Өңірде кәсіпкерлікті дамыту үшін тұрғындарды бизнес жүргізу мен қаржылық сауаттылыққа үйрету, жоғары, орта оқу орындарында жаппай кәсіпкерлік білім беруді қолға алу және барлық оқу орындарында «Студенттік бизнес инкубатор» орталықтарын ашу аса маңызды.
А.МҰҚАНОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
«Экономика және менеджмент»
кафедрасының оқытушысы,
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<