Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта бүкіл әлемде және елімізде үлкен өзгерістер болып жатқаны белгілі. Тәуелсіз Қазақстанда техникалық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және ақпараттық жаңғыртулармен қатар ел руханиятының маңызды және өзекті мәселелеріне барынша көңіл бөлінуде. Өзінің рухани әлемінің құрылымы мен сипатын түгендемеген халық пен қоғам болашаққа сеніммен қарай алмайды.
Уақыт талабына сай сананың өзгеру қажеттілігі, әсіресе, қазіргі жаһандану заманында айқын сезілуде.Жеке бастың қамын ойлап, бұрынғы қалыппен өмір сүру ескі салт. Елге шапағатын тиетіндей қарекет ету қажеттілігі туындаған заман келді. Бұл тұрғыдан бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатына орай, адами капитал сапасын арттыру, ол үшін рухани тұрғыдан өзгеру, сананы жаңғырту қажеттілігі туындап отыр. Рухани жаңғыру адами, рухани құндылықтарымызға оралу, ата-бабаларымыз қалдырған рухани мұраларға жаңа тыныс беріп, жандандыру, жалғастыру, күнделікті игілігімізге жарату, қастерлеу, солардан нәр алу, мәңгілік ету дегенді аңғартады. Бұл өмірге бейімделе әрекет ету үшін, көзқарас, сананы, рухани әлеміңді өзгеру деген сөз.
Елбасы Н.Назарбаев «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Абайдың даналығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні-бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп атап өткен болатын.
Қазіргі тәуелсіз еліміздегі әрбір азаматымыздың өзіне қойған жоғары талабы, кәсіби біліктілігі мен жаңашылдыққа бейімділігі әлеуметтік прогресс жолында болуымыздың қайнар көзі екені анық. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Бірліктің арқасында өркениетті қоғамды қалыптастыра беру барлығынан қымбат. Ал, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері органдарының құрылу кезеңдерінен бастап осы күнге дейін мемлекеттік қызмет саласында позитивті, оң өзгерістер орын алуда. Атап айтқанда, 1999 жылдан бастап қолданыстағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң (Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-˅ Жарлығымен бекітілген « Қазақстан республикасының мемлекеттік қызметі туралы») және 2005 жылы Мемлекет басшысы бекіткен Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі(Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі) Қазақстанда есеп берушілік, ашықтық және меритократия қағидаттарында құрылған кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін негіз жасалды.
Мемлекеттік қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілерді конкурс жарияламай ілгерілету, босаған лауазымға ішкі конкурс арқылы тағайындау процедураларын енгізу және т.б өзгерістер қолданылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі өкіл тағайындау институты жұмыс атқара бастады. Қазіргі таңда елімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру процестері жүріп жатыр. Осыған байланысты саяси, экономикалық, қоғамдық күштердің барлығын Мемлекет басшысы идеясының төңірегіне топтастыруымыз қажет.
23 маусым- мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесі және мемлекеттік қызмет істері органдарының 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында Республикамыздың барлық мемлекеттік қызметшілерін мерекемен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс, өздеріне зор денсаулық, жанұяларына аманшылық тілеймін!
Әуелбек ҚАМЗЕЕВ,
Техникалық реттеу және метрология
комитетінің Қызылорда облысы бойынша
департаментінің бөлім басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<