«Егемен Қазақстан» республикалық газетінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді.
Мақалада болашақта жасалатын жоспарлар айқындалды. Нақты жобаларды жүзеге асыруға, ел бірлігін нығайтуға бағыт-бағдар берілді. «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», — деді мемлекет басшысы.
Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан тұста Елбасының Жолдаулары секілді бас мақаланың да салмағы зор. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу – мемлекетіміздің басты мақсаты. Жаһанданудың бұл жаңа қадамы рухани жаңғырудан басталып отыр. Жаңғыру, жаңа кейіпке енумен бір. Жаңашылдыққа қадам басу елдің ұлттық-рухани тамырынан басталмаса, адасу болатынын айдан анық. Сол үшін де ел Президенті тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға қажет бірнеше бағытты атап өтті. Иә, дамыған 30 елдің қатарына қосылуға аз уақыт қалды. Бастысы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген секілді біріге жұмылсақ болғаны. Елбасы ұсынған жобалар көп. Орындалу барысы да тиянақталды. Мақалада халықты жігерлендіріп қана қоймай, болашаққа нық қадам басуға жөн сілтейтін бағдарда бар.
Еліміздің бүгіні мен болашағы жайлы ойларын ортаға салған Елбасы мақаласы екі тараудан тұрады.
Алғашқы тарауы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталады. Бұл тарауда бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы жайлы жан-жақты қамтылған.
Елбасы бәсекелік қабілетті ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы деді. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын атап көрсетті. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы екенін жеткізді.
Мақалада ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиістігі нақтыланды. Елбасы мәдениетіміздің бір парасы ретінде Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй¬лерін тілге тиек етті.
Екінші тарау, «Таяу жылдардағы міндеттер» деп атап көрсетілген. Елдің дамуы мен жаңаруына бастайтын бұл мақалада Елбасымыз мемлекеттің алдағы кезеңдегі жоспары, ұлттық сананың жаңғыруы, ұлт пен ұлыстың ұйысуы туралы ой бөліскен.
Аталған мақаланы маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Өйткені бұл мақалада ұлттық құндылықтар, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы айтылған.
Сондықтан Елбасы айтқандай, рухани мәселелер бәрінен ең бірінші орында тұруға тиіс. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деді Н.Назарбаев.
Мұнан бөлек Елбасы Ұлттық аударма бюросын құру, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жаңа жобаларды қолға алуды тапсырды.
Түйінді ойды Елбасы сөзімен айтқанда, «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр». Бұл бізге міндет және жауапкершілік.
Қ.Сақтағанова,
Қызылорда қаласының
мамандандырылған тергеу сотының
жетекші маманы
Қызылорда қаласының
мамандандырылған тергеу сотының
жетекші маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<