Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау» күніне орай «Kitap Fest-2022» фестивалі ұйымдастырылды. Оған зиялы қауым өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындары және колледж студенттері, мектеп оқушылары, жалпы қала тұрғындары қатысып, тамашалады.
Іс-шараны облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, елімізге белгілі қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова, жазушы Сайлаубай Жұбатыров сөз өнеріне сүйіспеншілік, кітап оқудың маңызы туралы пікір білдірді.
Фестиваль қатысушыларына қызыққа толы бағдарламалар дайындалған. Көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып, «Отбасы хрестоматиясы» баспасы шығарған кітаптар оқырман назарына ұсынылды. Оқырмандар «Әлдиден эпосқа дейін», «Сияр Шәріп», «Яссауи феномені», «Логотерапия», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Махаббат мекені», «Бейсен және болмыс» кітаптарына қызығушылық танытты. Қатысушылар кітаптардың әртүрлі инсталляцияларын тамашалап, фотосессия жасауға мүмкіндік алды.
Іс-шара кішкентай оқырмандардың флешмобына жалғасты. Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның, Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектебінің, №267 орта мектебінің оқушылары М.Әлімбаевтың, Ө.Тұрманжановтың, А.Асылбектің, Қ.Мырза Әлінің өлеңдерін оқыды. Ұлы ағартушы, ақын А.Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағындағы «Қасқыр мен қозы» көрінісі сахналанып көрсетілді. Сондай-ақ рухани ордаға келушілер ашық аспан астындағы кітап көрмесін тамашалап, құнды қазыналармен танысты.
Бұдан бөлек, «Жыр әлемінде» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Оған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мөлдір Айтбай қатысып, өзі оқыған сүйікті кітаптарын оқырмандарға ұсынды.
«СБ» ақпарат





