Рухани һәм іскерлік байланыс

7

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мажарстан елшісі Отто Иван Ронамен кездесті. Кездесуде аймаққа инвестиция тарту мәселесі талқыланды.

– Біздің халықтарымызды тек ресми құжаттар ғана емес, тамыры терең, тарихы ортақ рухани байланыстар біріктіреді. Қазақ пен мажар – түбі бір түркі жұртының ұрпақтары. Тіліміз бен мәдениетіміздегі сабақтастық осы сөзіме айқын дәлел бола алады.

Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі әріптестіктің нәти­жесінде Мемлекет басшыларының сапарлары дәстүрге айналды. Соның бір айғағы ретінде Мажар­стан Президенті Тамаш Шуйок мырзаның 2025 жылғы қазан айында Қазақстанға жасаған ресми сапарын ерекше атап өтуге болады. Инвестициялық ынты­мақтастық бағытында да маңызды қадамдар жасалуда.

Өткен жылдың қараша айында «UBM Group» компаниясы мен еліміздің Сыртқы істер министрлігі және «Kazakh Invest» өкілдері арасында мазмұнды кездесу өтті. Жиын барысында «UBM Group» компаниясы Қазақстандағы премикс және құрама жем зауыттарын салу барысын таныстырды. Компания жобаның екінші кезеңі аясында тағы 2 құрама жем зауытын салуға ниетті екенін растады. Бүгінде қал­ған екі зауыттың салынатын орны талқыланып жат­қандықтан, жаңа өндіріс алаңы үшін ең тиімді аймақ ретінде Қызылорда облысын қарастыруды ұсынамын.

Біріншіден, ауыл шаруашылығы — аймақ экономикасының басты бағыты. Қазақстандық күріштің 90 пайызынан астамы облысымызда өндіріліп, алыс және жақын шетелдерге экспортталады. Сонымен қатар, аймақта сүт өндірісі, мал және құс шаруашылығы қарқынды дамуда. Бұл өз кезегінде құрама жемге деген сұраныстың артуына тікелей әсер етуде, – деді облыс әкімі.

Басқосуда елші «Байқоңыр» ғарыш кешеніне жасаған сапары ерекше әсер қалдырғанын атап өтіп, алдағы уақытта инвестициялық ынтымақтастық бағытында нақты әрі маңызды қадам жасауға ниет білдірді.