Рухани құндылық – жастар кәдесіне

797

0

Жастар ресурстық орталығында «Жастардың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев, Қызылорда қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы А.Чункунов, облыстық білім басқармасының әдіскері Ж.Бексейтова және Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Абылай Самыратов арнайы қатысып, жастарға жан-жақты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Зайырлы еліміздің ұстанымдарын нығайту мен жастарды қоғам құндылықтарына бейімдеу және тұлғалық дамуына жол ашу мақсатында ұйымдастырылған жиынға 60-қа жуық «NEET» санатындағы және пробация есебіндегі жастар мен студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелде қазіргі қоғамда жастарға берілетін тәрбие тетіктері, отбасылық құндылықтарды сақтау мен адамгершілік ұстанымдарына берік болу мәселелері көтерілді. Патриоттық тәрбие негізінде жастарды азаматтық борышын өтеуге насихаттау, әскери қызметтің қыр-сыры және әскери білім алу мәселелері сөз болды. Әскер қатарына барған жастардың оқуға, жұмысқа орналасуында қарастырылатын жеңілдіктер мен мүмкіндіктер туралы толыққанды ақпараттар берілді. Сонымен қатар, жастарға мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктер, атап айтқанда 2,5 пайыздық несие алу жолдары мен шарттары, жастарға қойылатын талаптар төңірегінде сала мамандары сөз етті.

Аталған мәселелер бүгінде ең өзекті болып, күн тәртібінен түспей тұр. Жұмыссыздың мәселесі, жастар арасындағы қылмыс та көбейіп барады. Сондықтан аталған шаралардан жастар нәтиже шығарса, құба-құп.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<