Былтыр Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланды. Айтулы кезеңде аймақта түрлі әлеуметтік нысандар салынып, ауқымды шаралар атқарылды. Әсіресе, мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетілді. Оның бірден-бір дәлелі– шаһарда сәні мен салтанаты келіскен, айшықты да заманауи мәдени орындардың бой көтеруі.
Мәселен, «Анаға тағзым», «Отбасы орталығының» ашылуы, одан бөлек бірегей жоба 1000 орындық «Өнер орталығының» халық игілігіне берілуі іргелі істердің бастамасы болды. Сондай-ақ жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, Жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталып, өнердің алтын діңгегі саналатын жыраулық дәстүрді дәріптеген «Жыраулар үйі» сап түзеді. Бұл мәдени мұраға, мәдениетке, ұлттық құндылыққа деген құрметтің белгісі болса керек.
Ұлттық мәдениет пен өнердің қарашаңырағы, тарихы тереңнен бастау алатын, дарындар мен таланттарды дүниеге әкелген құтты мекенде «Руханият жылының» жариялануы да бекер емес.
«Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады» деген еді былтыр облыстық мәслихат сессиясында Нұрлыбек Машбекұлы.
Расымен сол уақыттан бастап облыста түрлі игі бастамалар қолға алынды. Соның ішінде Қызылорда қаласының сол жағалауынан құны 2,7 млрд теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратын салу жұмыстары бастау алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес 171 мәдениет үйі мен клубтарда 7 бағыт бойынша «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасы іске асырылды. Сыр өңірінің тарихи жәдігерлері қатарына жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары, «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтындатқан мүсіндері қосылып, облыстық музей қорына табысталды.
Аймақтың мәдениет және руханият саласында атқарылған жұмыстарға халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді. Сондай-ақ өнер тарландарының шығармашылық кештері ұйымдастырылып, айтыстың ақтаңгері Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыра» иегері атанды. Одан бөлек Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндері аясында «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты гала-концерт өтті. Бұл қызылордалық өнерпаздардың Республика сарайындағы тұңғыш концерті еді. Осы орайда айта кетсек, «Руханият жылы» аясында мәдениет қызметкерлеріне 40 қызметтік пәтер берілді. Мұның барлығы – Сыр мәдениетінің өркен жаюы.
Айтулы жылдағы ең басты жетістік – 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын «Руханият орталықтары» құрылысының басталуы. Тәуелсіздік күні қарсаңында Қармақшы ауданында алғашқы орталық ел игілігіне табысталды. Биыл жыл басында Шиелі, Жаңақорған Жалағаш, Сырдария аудандарында ашылды. Бұл ғимараттар аймақ халқына үлкен қуаныш сыйлады. Орталықтарда ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі жұмыс жасауда.
– Архив мекемесі 1987 жылы құрылды. Содан бері мекеменің тиісті талапқа сай, типтік жобадағы ғимараты болмады. Аудан орталығында босап қалған ескі нысандарда отырып келдік. Негізі қойманың қалыпты температурасы 17-19 градус болуы керек. Барлық терезе жабық тұруы тиіс. Талап бойынша құжаттардың сақталуына қолайлы жағдай жасалып, ол жерге жылу кірмеуі керек. 37 жылдан кейін ғана бізге жайлы орын бұйырды, мәселеміз шешімін тапты, – дейді Қармақшы аудандық архиві филиалының басшысы Гүлжамал Іздібаева.
Әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын тиімді басқару, әкімшілік шығындарды азайту мақсатында бой көтерген жаңа нысан мәдени, рухани, тарихи ұйымдарды біріктірген бірегей кешен екені сөзсіз. Ең бастысы, бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасатыны даусыз.
Шыны керек, күнделікті өмірде өзіміз байқамасақ та, сырттан келген қонақтар қала тазалығы мен келбетіне оң баға беріп жатады. Бұған іштей қуанып қаламыз. Әсіресе, қаламыздың қонақтарға ерекше әсер қалдыратыны қуантып, көңілге мақтаныш сыйлайды. Бұл – өңір дамуының көрінісі, жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қаланың тазалығы мен көркем келбеті – оның мәдени деңгейінің, халықтың жауапкершілігі мен ұқыптылығының айқын дәлелі. Осындай жетістіктер алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңіріміздің дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<