Өткен сенбіде еліміздің барлық өңірлерінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау өтті. Облыста таңдаушылар жиыны «Достық үйінде» өткізілді. Өңірдің барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдау жасады.
Жиынды облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ашып, сайлау тәртібі мен кандидаттарды таныстыру үшін сөз кезегін облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаевқа берді. Биылғы сайлаудың маңыздылығы туралы арнайы есеп берген ол былтыр 26 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен 2023 жылғы 14 қаңтарға ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау тағайындалғанын жеткізді. Соған орай тиісті дайындық жұмыстарын жүргізген облыстық сайлау комиссиясы өзін-өзі ұсынған кандидаттардан түскен өтінішті қарап, үміткерлердің ҚР Конституциясында және «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңында көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеріп, тиісті хаттама жасайды.
Облыстан үш үміткер сайлауға түсті. Олар – «ҚазСуШар» РМК филиалының басшысы Жорабек Нұрымбетов, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов және Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов.
Осыған орай жабық дауыс беру шарасы өтетінін жеткізген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қажетті тәртіпке де тоқталып өтті. Одан соң біртіндеп дауыс беру бұрышынан шыққан облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары өз таңдауын жасады.
Сайлауға барлық деңгейдегі мәслихаттардан 141 депутат қатысты. Дауыс беру нәтижесімен Жорабек Нұрымбетов 18 дауыс, Руслан Рүстемов 95, Асылбек Шәменов 27 дауыс жинады. Осылайша ҚР Парламенті Сенатына Қызылорда облысынан Руслан Рүстемов сайланды.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындыларын жариялады. Парламент Сенатындағы 20 орынға 55 кандидат таласқа түсті. Алматы қаласынан төрт үміткер, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарынан – екі үміткерден, басқа облыстардан және Астана мен Шымкент қалаларынан – үш үміткерден тіркелді. Таңдаушылар тізімінде 3167 мәслихат депутаты болды.
Жалпы, өткен Сенат сайлауын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша жаңа үлгідегі Парламентті қалыптастырудың келесі кезеңі деуге болады. Саяси үдеріс жаңа тарихи кезеңге қадам басады.
Парламенттің жоғарғы палатасының функционалдық мүмкіндіктері өзгеріп жатқанын да айта кеткен жөн. Конституциялық өзгерістердің арқасында әрбір палатаның өкілеттіктері нақтырақ айқындалды. Заң шығару миссиясының басым бөлігі Мәжіліске жүктелетін болады.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттарының президенттік квотасы Сенатқа өтеді. Енді Сенат Мемлекет басшысына тікелей бағынатын органдардың немесе Конституциялық сот, Бас прокуратура сияқты тәуелсіз құрылымдардың қызметін бақылайтын болады. Өйткені олардың жетекшілерінің кандидатураларын бекіту жоғарғы палатадан өтеді.
Сондай-ақ, жоғарғы палатада жаңа тұлғалардың, жастардың көбейгені байқалады. Бұл белгілі бір дәрежеде Сенат жұмысын жандандыра түседі. Енді Мәжіліс заңдарды өз бетінше қабылдауға құқылы және Сенатпен келіспеушіліктер туындаған жағдайда оны еңсере алады. Бұрын заңдар міндетті түрде Сенатта мақұлдау рәсімінен өтетін.
Бұл, біріншіден, Сенатты заң шығару функцияларынан босатады. Екінші жағынан, Мәжіліс 30% мажоритарлық жүйемен жасақталатындықтан, тәуелсіз депутаттар мен саясаткерлер көп болмақ. Сәйкесінше, жаңа заңдар әлеуметтік сұранысқа көбірек сәйкес келеді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<