«Сабалаққа» газ келетін күн жақын

49

0

Кеңестік кезеңде қала тұрғындарының жазда қосалқы шаруашылықпен айналысып, өз-өзін көкөніспен, жеміс-жидекпен  қамтамасыз ететін, одан бөлек, бос уақытын өткізетін бірнеше саяжай бүгінгі урбанизация жағдайында жұртшылықтың тұрғылықты жеріне айналды. Қазір қала халқының біршама бөлігін саяжайлықтар құрайды десек, артық айтпағандығымыз болар. Тіпті кейбір саяжайлар қала шекарасына кіріп  кетті. Соның бірі – Тасбөгет кентіне қарасты «Сабалақ» саяжайы.

Жалпы саяжай дегенде көз алдымызға инфрақұрылым жүрмеген, бау-бақша егілетін орын елестейтіні сөзсіз. Бірақ бұл – үлкен қоныс, құтты мекен, 4500-ден астам халық тұрады. Еңбекке қабілетті белсенді халық саны – 1580 адам, сондай-ақ 1395 отбасы бар.

Көшелер кезең-кезеңімен жөнделуде

Бұрынғыдай емес, қазір «Сабалақтың» тіршілігінде серпін бар. Жылдар бойы қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, саяжайда 60 шақырым болатын 80-ге жуық көше бар. Оның 4,7 шақырымды құрайтын 3-еуі  асфальтталса,  14,8 шақырым болатын 18 көшеге қиыршық тас төселген.

Сондай-ақ көлік көп жүретін орталық көшеге жеке кәсіпкердің қолдауымен 1,5 млн теңгеге 2 жол кедергісі орнатылды. Биыл 15 көшеге қалалық бюджеттен 21 млн теңге қаралып, 303 жарықшам қойылды. Алдағы уақытта қосымша 10 көшеге жарықшам орнату, 2 көшеге жаяу жүргінші жолын салу жоспарлануда.

2016 жылы «Сабалақта» 1 электр тарату трансформаторы орнатылса, 1-көшеге ұзындығы 0,6 шақырым (кернеулігі 10 кВт) және ұзындығы 3 шақырым (кернеулігі 0,4 кВт) электр желісі тартылды. 2018 жылы бұл жұмыс жалғасын тауып, қалалық электр торабы мекемесі тарапынан саяжайдың «Сырдария» лагері аумағына 92 бағана, 1 подстанция орнатылды.

Ал 2022 жылы «Сабалақ» саяжайы, «Еңбек» бау-бақша серіктестігіне 34,5 шақырым электр желісін жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 397,1 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар өткен жылы  «Сабалақ» елді мекеніндегі тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы құрылысы. Электрмен жабдықтау» жобасын қоса қаржыландыруға облыстық бюджеттен 28,3 млн теңге бөлінген.

Ауызсу мәселесінің шешімі табылды

Тұрғындар үшін өзекті саналатын түйткілдерді шешу қашанда  маңызды. «Сабалақтағы» шешімі табылған мәселе – халықтың таза ауызсуға қол жеткізуі. Жұртшылықтың да талап-тілегі ауызсудың сапалы әрі қолжетімді болуы еді. Осы жайт ескеріліп, ел қазынасынан қаражат бөлінді.

Бұл бағытта 2018 жылы  ауызсумен қамту мақсатында 579,7 млн теңгеге  17 шақырым магистральді құбыр жүргізіліп, елді мекен  тұрғындарына пайдалануға берілді. Сондай-ақ жаз мезгілінде су тапшылығын болдырмау үшін демеуші есебінен қосымша ұңғыма қазылып, сыйымдылығы 50 текше метр болатын ауызсу мұнарасының құрылысы жүргізілді. Бүгінде жұмыс толық аяқталып, орталық ауызсу желісіне қосылды.  Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 242 млн теңгеге Қызылорда қаласы бойынша 14 техникалық ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде «Сабалақ» саяжайындағы 1 техникалық ұңғыма да бұрғыланды.

Осылайша тұрғындардың игілігі үшін атқарылып жатқан  жұмыстар жоспарға сай жүруде.

Ерекше тоқталатын жайт, саяжай  шағын болғанымен, онда  50-ге жуық кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 2 жеке балабақша, мектеп, 10 азық-түлік дүкені, 2 жанармай құю бекеті, 2 демалыс орны,  дәріхана,  көлік жөндеу шеберханасы,  автокөлік жуу орны, 2 монша жұмыс жасауда.

Тағы 3 кәсіпкер 0,4 гектар жердегі жылыжайда көкөніс өсірумен айналысып, өнімдерін кент дүкендеріне ұсынып келеді.

Саяжайлықтар егіннің де ебін тауып отыр. Биыл 175 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілді.

Бұған дейін 4000-ға жуық азаматқа бағбандық мақсатта жер телімі табысталған.

Үш кезеңде атқарылатын жұмыс

Елімізде 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы бар. Мемлекет басшысы «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген еді. Осы ретте өңірде ауқымды істер қолға алынып, тың жобалар жүзеге асуда. Соның бір дәлелі – «Сабалақ» саяжайына табиғи газ жеткізу жобасы.

Жоба үш кезеңнен тұрады, құны – 3 млрд теңге. Өткен аптада  қала әкімі Серік Қожаниязов  тұрғындармен кездесіп, ел игілігіне арналған жобаны жүзеге асыру кезеңдерімен таныстырып, сұрақтарға жауап берді.

−   Өздеріңіз білетіндей,  игілікті іс басталуда. Бұл жоба үш кезеңнен тұрады. Әр кезең бойынша саяжайдың ішкі газ желілерінің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша І кезеңнің жеңімпазы анықталып, келісім-шарт жасалды. Ал ІІ, ІІІ кезең бойынша конкурс жариялану әрі ұйымдастыру сатысында. Бекітілген мерзімде аяқталады деген жоспар бар. Сәтімен жүзеге асса, ел игілігіне белгіленген мерзімде беріледі, − деді қала басшысы.

Қазір бас мердігер «АЕS end limited» компаниясының арнайы техникалары мен мамандары жұмысты бастап кетті.

Әлеуметтік нысандар желісі кеңейіп келеді

Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты жою, тұрғылықты жеріне қарамастан, балаларға сапалы білім беру − білім шаңырақтарының алдындағы басты міндет. Мемлекет тарапынан бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында бірегей жобалар қолға алынғаны белгілі. Мұндай кешенді жұмыстардан «Сабалақ» та тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, 2022 жылы жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен 300 орындық «Bilim Orda» мектебінің құрылысын аяқтап, жаңа оқу жылында пайдалануға берді. Бұған қоса, осы аумақтан 150 орындық қосымша білім беру орталығы салынды, 50 орындық «Айбибі» жеке балабақшасы мектепке дейінгі білім алатын бүлдіршіндерге сапалы қызмет көрсетсе, «Бегім-ай» өнер орталығы балаларды өнерге баулуда.

2016 жылдан бері №4 қалалық емхананың филиалы ашылып, күнделікті 25-30 адамға қызмет көрсетуде. Онда 1 фельдшер, 3 медбике жұмыс жасайды. Дәрігерлер қаралушыларға кент орталығындағы емханадан шақыртумен барады.

−   Отбасыммен көшіп келгеніме 5-6 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында көптеген жұмыс атқарылуда. Мектеп те салынды, көшелер де жөнделіп, тұрғындарға барынша жағдай жасалуда. Жақын арада газ келсе, халықтың қуанышы еселенетіні сөзсіз. Шыны керек, өзге өңірдегі саяжайлармен кейде салыстырамын. Бізде даму, алға жылжу бар. Оны мойындауымыз керек. Осылай халықтың жағдайына бейжай қарамай, барынша жақсы өмір сүруге мүмкіндік жасап жатқан ел ағаларына алғыс білдіремін, − дейді саяжай тұрғыны Олжас Сүлейменұлы.

Расымен, саяжайдағы бастамалар жалғасын тауып, тіршілігі алға басып келеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<