Сәби санасының сәулесі

5806

0

Бағзыдан келе жатқан бесік жыры, ана әлдиі – халқымыздың философиялық биік мұраты. Бұл сәбидің балғын санасына ой салып, әсемдік сыйлайтын керемет тәрбие. «Тәрбие – талбесіктен» дейтін сөз осыған қатысты айтылған. Қазақтың үш-төрт жасар баласының тілі жатық, бес-алты жастағы баласының уәжге тоқтап, шешен болып өсуі – бесік жырының білімі. Дұрыс сөйлеу ойды, ой бойды, болмысты қалыптастырады. Бала билер қайдан шыққан?

Әттең, дана халқымыздың дәл осы дәстүрін ұмыта бастағанымыз шын. Алайда халық құндылықтарына деген жанашырлық әр заманда ұмытыла бастаған дәстүрлерімізді қайтарып алуға мүмкіндік береді.

«Анаға тағзым» орталығында өткен «Әлди-ана» аталатын республикалық онлайн байқау осы сөзімізге дәлел.

Байқау мақсаты – бесік жырының философиялық, этнографиялық және әлеуметтік мәнін қайтару, заманға бейімделген жаңаша бесік жырларының өмірге келуіне қозғау салу.

Өткен сейсенбі күні бір ай бұрын жарияланған байқауға қатысушылардың арасынан іріктелген 15 композитордың шығармасы сарапқа түсті. 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын Серік Ыдырысов,  Мәдениет қайраткері, әнші Үміт Медеуова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова, ардагер, орталық жанынан құрылған «Мирас» әжелер ансамблінің мүшесі Шара Маханова болды. Олар бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған бесік жырларын тыңдап, сөзін, әнін, музыкалық әрлеуін жіті бағалады.

Нәтижесінде, қаржылай сыйақысы 300 мың теңге көлеміндегі бас жүлдеге Аягөз Райбекова орындаған қызылордалық композитор Талғат Нағашыбаевтың «Ана әлдиі» туындысы лайық деп танылды. Композитор майдангер ақын, қазақ поэзиясының қабырғалы өкілі Сағынғали Сейітовтің сөзін таңдапты. І орынды композитор Гүлнұр Нұрасылдың өзі орындаған «Әлди» әні жеңіп алды. Сөзі – Сағыныш Намазшамованыкі. Қазір Талдықорғанда тұратын талантты өнерпаз Гүлнұр – Сыр елінің тумасы.

Ақтөбелік қатысушы Данияр Сағынтаев та Еркебұлан Қайназаровтың сөзіне жазылған «Құлыным» әнін өз орындауында ұсыныпты. Құлаққа жағымды, ой тереңін қозғайтын бұл шығарма ІІ орын жүлдесін иеленді.  

Мұрәділ Ертөренің сөзіне жазылған Ринат Үсеновтің «Ана әлдиі» туындысына ІІІ орын бұйырды. Айсұлу Әбдінің орындауындағы бұл бесік жыры да байқау талаптарын орындай алған.

«Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем…», – дейтін дәстүрлі бесік жырының жаңа нұсқалары замандас жас аналардың жан серігіне айналалып жатса, нұр үстіне нұр.

Ал байқау жеңімпаздары «Анаға тағзым» орталығының бір жылдығына арналған салтанатты шарада марапатталатын болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<