Сәкен тұрған үй неге сақталмады?

442

0

Қазақтың үш бәйтерегінің бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол ұлт руханиятына ерен еңбек сіңірген қайраткер, нағыз күрескер ақын. Оның қазақ елінің ертеңі үшін атқарған өлшеусіз ісі нағыз ұлтын сүйген ердің ісі. Бүгін біз осы ұлы тұлғаның Сыр өңірімен байланысы туралы қалам тербемекпіз.

Қызылорда 1925-1929 жылдары Қазақ республикасының астанасы болған уақытта Сыр өңірінде қызмет еткен Сәкен Сейфуллин талай күрделі мәселелердің түйінін тарқатуда табанды еңбек етті. Соның бірі – ұлт атауына байланысты тарихи қатені түзетуде жасаған жұмысы. Бұл туралы Сәкен мұраларын 50 жылға жуық зерттеген ғалым Тұрсынбек Кәкішев: «Алаш қайраткерінің ең басты үш ерлігін атап айтуға болады. Бірінші – «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты ұлт атауына қатысты ұсынысы. Екінші – кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізуге үндеу тастап, іс жүргізуді қазақшаға көшіру керек деп бірнеше мәрте мақала жариялауы. Үшінші – оқу-ағарту саласына барынша ден қою керектігін айтып, сол мақсатта талмай еңбек еткені. Міне мұның барлығы ұлтын шексіз сүйген қайраткердің қайталанбас қолтаңбасы», – деп жазады.

Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №66 санында «Манап Шамиль» деген бүркеншік есіммен жариялаған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақа­ласында ұлт атауын түзету керек екенін жазады.

«Бүгінге дейін қазақты орыстар «киргиз» деп келді. Не себепті қазақты орыс «киргиз» деп кеткенін тексермей-ақ, ол «киргиз» – қырғыз деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді.

Орыстың патшасы қазақты қаратып алып, жалпы қазаққа «киргиз» деп ат жапсырылған соң, қазақ халқын орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты біртүрлі, құр, мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде біртүрлі менмендік қиянатпен, қор­лаған мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын көкірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, полкан! «Киргиздан» да жамансың!» дейтін болды. Ақ патшаның жасауыл­дарының, төрелерінің бұл аңыздары орыстың надан халықтарының ара­ларына да жайылды. Келе-келе тұр­мыстың игілігін өзгелермен бірдей ешуақытта қазақтың лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көре таңырқап: «Қарашы, тіпті өзін «киргиз» дейтін емес!» деп тамсанып жүретін болды. Қазақтың бір қылығын жақтырмаса: «Белгілі, енді «киргиз» болған соң қайтушы еді!» дейтін болды. Қырға шыққан шабармандары, жасауылдары қазаққа зорлық қылғанда, қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап: «У, киргиз-з-з!» дейтін болды. «Киргиз» дегенді әлгі мырзалар біртүрлі ызбарланып, тістеніп айтатын болды. Енді ол күндер өтті. Октябрь төңкерісі қазаққа бұлай қарауды тыйды. Енді қазақ та – бір, басқа халықтар да – бір. Қазір әр жерде осындай тарихи қателерді түзетті һәм мұндай түзетілген аттарды Совет үкіметі де қатты ықтиятпен қабыл алды. Мәселен, Хиуаны қазір «Хорезм жұрты» дейтін болды. Сартты «өзбек» дейтін болды. Һәм бұл түзетіліп қойған аттарды Совет үкіметі қолданып кетті. Біз «киргиз» деген атты жоғалтып, «қазақ», «қазақ» деп кетсек, басқа халықтар да бізді «қазақ» деп осы атты қолданып кетпек. Біздің бір үлкен кемшілігіміз – осы күні басқа жұрттан бұрын өзімізді  өзіміз  «киргиз» дейміз. Әуелі, біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Қызыл Киргистан» деп аталады. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егер де біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді. Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!»

Сәкеннің тағы бір қыры оның ақындық шеберлігі деуге болады. Қызылорда астана болған жылдары төте жазумен жарық көрген «Экспресс», «Тұрмыс толқынында», «Жер қазғандар» атты өлеңдер жинағы алғаш Қызылорда қаласында қазақ мемлекеттік баспаханасында басылған. Бұл кітаптар бүгінде Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Сирек қорлар» бөлімінде сақтаулы. 1926 жылы Қызылордада «Экспресс» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарыққа шықты. Бұл тек Сәкен поэзиясында емес, бүкіл қазақ поэзиясындағы үлкен жаңалық еді. Жаңа мазмұнда, ерекше формада жырлау «Экспресте» айқын аңғарылады. «Қара жер» атты өлеңінде ақын туған Отанның көркем табиғатын кестелі сөзбен шебер жеткізеді.

«… Масайрасып ,

Кеудені ашып,

Жұрттың көбі мәз еді.

Алып бізді,

Тастап ізді,

Экспресс келеді», – деп жырға қосады.

1928 жылы жарияланған «Тұрмыс толқынында» атты өлеңдер жинағына «Баспахана», «Отарба терезесінен» тағы басқа да көптеген шығармалары топтастырылған. Соның ішінде «Баспахана» атты өлеңіне зер салып көріңіз.

«… Соққан жүрек қуат жаны,

Тынбай мотор тулайды.

Күймен билеп салған әні,

Мың дыбыспен шулайды.

Баспахана дүрсілдейді,

Жанды сөзді жаратып.

Демі қайнап гүрсілдейді,

Әлемге өрнек таратып», – деп ой түйіндейді. Бұл шумақтарда ақын баспахананың жұмыс барысындағы жай-күйін әдемі теңеулермен шебер әспеттейді.

Сәкеннің Қызылордада жарық көрген тағы бір туындысы – «Жер қазғандар» атты өлеңдер жинағы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласында Сәкен туралы: «Қазақ әдебиетіндегі үш бәйтеректің бірі – Сәкен Сейфуллин өмірі қысқа, тағдыры ауыр болғанымен шығармашылық ғұмырбаяны ғибратты да мәнді. Өмірі мен шығармашылығына көз салғанда, алдымен әншілігі мен ақындығын, күйшілігі мен жазушылығын бөліп қарауға болмайды. Ол өзінің көптеген өлеңдерінде әңгімелері мен басқа да ірі шығармаларында ән мен күй, өнерпаз тұлғасын құштарлықпен суреттеп, бейнелі образ жасауы бойындағы өнер құдіретін байқатады. Сәкен революция сарбазы ретінде мейлі жаңа заман идеясын насихаттасын, мейлі дәуір тынысын танытар туындылар берсін халық тарихынан, тіршілік болмысынан оның өнер әлемін, ән-күй ғұмырын бөліп қарамаған. Шығармаларындағы ән сазын арқау еткен детальдар әсерлі сезімге бөлейді, тебіреніс толқындары жетелеп, ой ағымының тұңғиығына батырады. Ол суреттеген әсерлі саз, ол бейнелеген ән образы оқырманды әсемдік әлемінің айдынында тербетіп, арманына бойлатады.

Ақын 1925-1929 жылдары Қызылорда Қазақ елінің астанасы болған тұста Сыр өңірінде тұрғаны белгілі. Сәкен Сейфуллиннің тұрғаны белгілі. Сол жылдары ұлт зиялысы қайда тұрды? Ол тұрған үйді іздедік. Бір өкініштісі, Сәкен тұрған үй бұзылып кеткен. Алайда сол үйдің орнына салынған үй сыртына арнайы тақта ілінген. Тақтада «Осы жерде Қазақстанда совет өкіметін орнату жолындағы жалынды күрескер, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Сәкен Сейфуллин 1925-1929 жылдары тұрған және жұмыс істеген үйі болған» деген жазу тұр.

Бұл туралы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, ақын Қаршыға Есімсейітованың пікірін білген едік.

– Сыр елінің қасиетті топырағында тарих тудырған алыптардың басқан ізі әлі күнге дейін тайға таңба басқандай айқындала беретіні анық. Қазақ халқының көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен  Сейфуллиннің тағдыры Сыр жұртшылығымен де біте қайнап, тығыз байланыста болды. Үйі ескі базардың тұсында жұмыс орнына жақын болған. 1925-1929 жылдар аралығында Қазақ Республикасының астанасы Орын­бордан Қызылордаға көшірілген кезеңдерде қаламызда қызмет атқарды. Оны айғақтайтын тасқа басылған тарих. Сәкен қызмет еткен ғимараттар, тұрған үйінің іздері әлі күнге бар. Ол жылдары қала шағын. Кеңестік атқару орындары мектеп, редакция, радиоторабы, дема­лыс орындары, мәдениет ошақтары­ның бәрі Дінмұхаммед Қонаев пен Журба көшесінің қиылысындағы үйде шоғырланған-ды. Сәкен, басқа да ұлт зиялылары қызмет еткен Қазақ ССР Атқару Комитетінің ғимараты да дарияға жақын болған. Сол ғимарат 2000 жылдардың бас кезінде бұзылғанын, өз көзіммен көріп, бейнетаспаға түсіріп, қала тұрғындарының пікірін сұрап, сауалнама жүргізгенмін. «Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей» осындай тарихи ескерткіштердің келер ұрпаққа аманаттай сақталып тұра бергені дұрыс еді деген тұжырымды ойыма жергілікті басшылық құлақ аса қоймаған еді. Тіпті хабарды эфирден алып тастауға бұйырған болатын. Алланың көзі түзу екен, сол хабар сақталып қалыпты. Жылдар өте келе бұл ғимараттың көшірмесі Сырдария өзенінің сол жағалауынан «Рухани жаңғыру» орталығы болып қайта бой көтерді. Бұл тарихтың жаңғырығы ғана…

Сәкен, Бейімбет, Ілиястар жүріп өткен жолдардың ізі қаланың «Ескі базар» тұсында әлі де сайрап жатқанын бүгінгі ұрпақ еміс-еміс білгенмен, кейінгі ұрпақ жадында мүлде сақталмасы анық. 1970 жылдардың орта шені. Мектептің жоғарғы сыныбында оқимын. «Ескі базардан» шығып, орталық демалыс паркінің тұсынан автобусты ұзақ күттім. Зеріккен соң аялдама қасындағы көне ғимаратқа ілінген тақтаға көз жібердім. «Бұл жерде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері  Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров қызмет еткен баспахана болған» деген жазуды оқыдым. Кейіннен бір қабатты кірпіштен салынған сол үйге жиі көз тігетін едім. Ішіндегі қарбалас тіршілікті көз алдыма елестететінмін. Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы да сол көне ғимаратта басылып, дүниеге келген екен. Радиоторабы да осы ғимаратта орналасқан. Қазақ радиосының 100 жылдығына осы жерге тақта орнатылса, құба-құп болар еді.

1977-1982 жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенімде Ерғазиев деген ұстазымның айтқаны санамда жатталып қалды. «Бұл құпия дерек. Қызылорданың «Ескі базар» тұсында бес қабатты ғимараттың астында саяси тұтқындарды ұстайтын камералар болған. Сәкен сонда біраз уақыт тергеуде жатқан. Сол ғимараттың базар жақ бетінде шағын алаңқайдан ор қазып, ішіне батпаққа әйнек сынықтарын араластырып соған Сәкенді салып қинаған… тергеу кезінде.. Бұл кейіннен «Шолпан» деп аталатын үлкен сауда орталығының астында болған оқиға…» дегені әлі күнге санамда жаңғырып тұр. Сәкен Сейфуллин қазақтың сымбатты, келбетті жігіті болғаны баршаға аян. Ол демалыс паркінің маңындағы баспахана, редакциядан шығып,үйіне қарай жаяу беттеген сәтте сол кездегі қаланың әдемі бикештері көзге бір көрініп қалуға тырысады екен. Сәкен төңірегіне көз салмай, паң мінезімен бұрылып та қарамай, тіп-тік қалпымен қолындағы таяғын көтергенде көліктердің өзі айналып өтеді екен. 2004 жылы зиялы қауым өкілдері тұрған үйлерді бейнетаспаға түсіріп жүріп, өзі тұрған үйдің қа­бырғасын ілтипатпен аялай сипап едім. Бір өкініштісі, сол үйлер бүгінде сауда-саттық қоймасына айналып тұр. Осы жерге ескерткіш тақта орнату жөнінде қала әкіміне ұсыныс білдірдім. Нәтижесін уақыт көрсетеді, – дейді Қаршыға Құрмашқызы.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы жолында айрықша із қалдырған  Сәкеннің өмірі бір арнадан қарап, бір жүйеде баға беруге сыймайтын тәрізді. Өйткені оның еңбектері ел есінде ескірмек емес. Сәкенмен Сыр елінің арасындағы бекем байланыс тарих қатпарында мәң­гіге сақталып қалды. Бүгінде Сырдария ауданында Сәкен Сейфулин атындағы ауыл бар. Облыс орталығында №4 орта мектеп Сәкеннің атымен аталады.

Мақала әзірлеу барысында мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлына хабарласып, алаш қайраткері жайлы жинақталған жәдігерлер туралы сұрадық.

– Мұражайда Сәкеннің 1930 жылы киген костюмі, 1934 жылы өзбек достары сыйлаған тақиясы мен шапаны бар. Сондай-ақ чемоданы, жолға шыққанда қолға ұстайтын саквояжы, отбасында тұтынған ыдыс-аяқтары, қабырға және қол сағаты, қаламы, жазу машинкасы, қолжазбалары, қалпағы, мойынорағышы, өзі жатқан ақ керуеті және тағы басқа көптеген дүниелері мен құжаттары, фотосуреттері мұражай төрінен орын алды, – дейді  Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтұлы.

Иә, Сәкен қазақ әдебиеті мен мәдениетінде, тарихында қайталанбас өзіндік орны бар тұлға. Оның ұлт үшін атқарған қызметі күллі Алаш жұртына атын әйгіледі. Ол қандай қызмет жасаса да жан-тәнімен жұртының игілігі үшін атқарды. Сәкендей алып тұлғаның Сыр елінде аз да болса қызмет етуі біз үшін үлкен мақтаныш. Алайда қайраткердің өзі тұрған үйінің бұзылып кеткені өкінішті…

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Сәкен тұрған үй неге сақталмады?

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<