«Сәттің» сәтті қадамы

750

0

Қазақ киноиндустриясының қоржынына тағы бір туынды қосылды. «Aslan» балалар киностудиясының  бастамасымен «Сәт» атты веб-сериал көрерменге жол тартты. «Достық үйінде» аталған кинокартинаның тұсауы кесілді. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысты.

Аймақтағы алғашқы балалар киностудиясы түсірген туынды 5 бөлімнен тұрады. Кинокартинада спортқа қызығатын жастардың өмірі, сондай-ақ, бозбала мен бойжеткен арасындағы балалық сезім ерекше сипатталған.

Облыс әкімінің орынбасары шығармашылық топты жаңа туындының тұсаукесерімен құттықтады.

– Ең алдымен «Aslan» балалар киностудиясының ұжымына алғыс білдіремін. Жас өнерпаздардың өркендеуіне септігін тигізіп келеді. Сыр өңірінен осындай белсенді жастардың шыққаны қуантады. «Сәт» сериалы жоғары деңгейдегі, көрермені көп туынды болатынына сенеміз. Алдағы атқарылатын жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді.

Жоба жетекшісі Жасұлан Алдабергенов те жастарға арналған телехикаяның түсірілуіне атсалысқандарға алғысын айтты.

– Киностудия алғаш ашылған сәттен бастап бізге қолдау көрсетіп жүрген көрермендерге ризашылығымды білдіремін. Бұл – сіздердің де жетістіктеріңіз. Мұнымен тоқтамаймыз, алдағы уақытта мұнан да жоғары деңгейдегі туындыларымызбен қуантатын боламыз, – деді ол.

Шара соңында киностудия ұжымына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ата-аналар да балаларының жетістікке жеткеніне ерекше қуанып, шығармашылық ұжымға алғыс білдірді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»