Сәуірде жетті сауапты ай

718

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚМДБ-ның облыс бойынша бас имамы Болатбек Абуов пен «Зекет және қайырымдылық» қорының облыс бойынша өкілі Жидебай Оңталап баспасөз мәслихатын өткізді.

Бас имам мұнан бұрын Нұр-Сұлтан  қаласында  ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мәслихат өткізгенін айтты.

Осы жиында шариғаттың талабын негізге алып және еліміздегі астрономиялық зерттеу орталықтарының ғылыми мәліметіне сүйене келе биылғы рамазанның 2 сәуір күні басталатыны пәтуа болған. 1 сәуір алғашқы тарауық намазы оқылады. 2 мамыр – Ораза айт мерекесі. Қасиетті Қадір түні сәуірдің 27-нен 28-не қараған түнге сәйкес келеді.

Сонымен қатар, еліміздегі азық-түліктің оның ішінде ұнның орташа есебін ала отырып, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен жан басына шаққандағы пітір садақаның мөлшері 500 теңге болып белгіленгенін білдірді. Садақаны мешітке келіп беруге немесе «Kaspi.kz», «Halyk», «Homebank», «Fortebank», «Банк ЦентрКредит», «Сбербанк», «Astana-Plat» мобильді қосымшалары және «Қазпошта» арқылы да аударуға болады.

Карантиндік шектеулердің алынып тасталуына байланысты биыл дәстүр бойынша мешіттерде ауызашар дастарқаны жайылып, жамағатпен тарауық намаздары оқылмақ.

Бұлармен бірге дін өкілдері ораза ұстаудың шарттары мен үкімдеріне тоқталып, пітір садақа берудің жөн-жобасын түсіндіріп өтті. Бұл тұрғыда көңіл аударатын нәрсе – биыл бір күнге арналған фидия садақаның мөлшері  3000 теңге болып белгіленгені. Сондай-ақ, оразаны бұзбайтын, бұзатын жағдайларға да тоқталды. Мұны да әркім білуі тиіс. 

Рамазан – сауап жасау, мол мүмкіндік, рухани тұрғыдан өз-өзіңді жаңарту, жаңғыру айы.

Берекелі айдың құрметіне орай, әлеуметтік желілер арқылы «Рамазан уағыздарының үздіксіз айтылуы», Ихсан аясында дәрістердің өткізілуі, тікелей эфир арқылы «Хатым Құран оқылу», «Ауызашар қоржыны» сынды қайырымдылық акциялары және түрлі форматтағы іс-шаралар, онлайн режимде жарыстар өткізу жоспарланған.

Нақтырақ  айтсақ,  мешітке келуші жамағат арасында «Қош келдің, Рамазан!» атты рухани кеш өткізу, жұртшылыққа Рамазан айының қасиеті  жайында кітапшалар тарату, «Отбасы ауызашары» шарасын ұйымдастыру, отау құрған жас отбасыларға тәрбиелік кеңес беру, «30 күнге 30 видео уағыз» әлеуметтік желі арқылы Рамазан айының қадір-қасиетін бұқараға насихаттау, БАҚ өкілдері  арасында «Рамазан – рухани тәрбие айы!» атты шығармашылық бәйге өткізу, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, т.б.

Ниеттеріңіз қабыл болсын, ағайын! Ораза Алла разылығына бөлесін.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»