Сәуірдің салқыны

434

0

Бірнеше күннен бері  ауа райы өзгеріп тұр. Күн қабағы құбылмалы, бірде шайдай ашылса, бірде бұлтты. Кей өңірлерде қар жауып, көктем емес, әп-сәтте қыс қайта келгендей. Табиғаттың бұлайша құбылуын көпшілік «бесқонақтың» келуімен түсіндірсе,  «мынау бесқонақ емес, құдалық болып кетті ғой» деп әзіл-қалжыңға айналдырғандар да бар.  Ауа райының бұл тосын мінезі қашанға дейін жалғасар екен? Оны синоптиктерден сұрап көрдік.

«Қазгидрометтің» облыстық филиалының болжамынша, 18-19 сәуірде облыста түнде ауа температурасы төмендеп, -1-6 градус үсік күтіледі. Кейін, яғни, 23 сәуірге дейін түнде 10-15 градус жылыға дейін ақырындап көтеріледі, күндіз +10-15 градустан 25-30 градусқа дейін жоғарылайды. Ал 24-30 сәуір күндері түнде ауа температурасы + 10-18, күндіз +20-33  градусқа дейін көтеріледі. Облыс бойынша екпінді жел күтіледі.

Жоғарыда көктемнің мұндай ауа райын халық арасында «бесқонақ» дейтінін айттық. Бұл – байырғы қазақ күнтізбесінде бар ұғым.

14 сәуір – ескіше сәуір айының басы, өлара айдың тууына дейінгі көрінбей тұратын күндер осылай аталған және бұл күндер ауа райының бұзылуына әсер еткен. Осыған орай болатын жауын-шашынды күндерді «бесқонақ» атап, халық қатты сақтанады.  Ол өтісімен көктемгі шаруаға дайындалады. «Осы күндері қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті» деген ел ауызында аңыз да бар. Сәуір айының он бесінен кейін алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанып қоя береді. Халық осы найзағайдың жарқылын «Қыдыр (Қызыр) қамшысы» ойнады» дейді. Бұдан кейін қыс біржолата кетті деп есептеледі. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген  осыған қатысты айтылған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<