Тарихи қаланың келбеті енді тіптен құлпыра түспек. Себебі, өзіндік сәулетінің әсемдігімен ерекшеленетін шаһарда «Дизайн код» жобасы жүзеге аспақ.
«Дизайн код» жобасы қаламыздағы ғимарттардың сыртқы қасбетінің үлгісі қандай болу керектігі, оның түсі, құрылыс жұмыстарына қолданылатын материалдар, оның ішінде ғимараттардың қасбетіндегі әртүрлі үлгіде жасалған жарнаманың орналасу, реттілік тәртібі, сондай-ақ, көшелердің сәулеті бірыңғай үлгіде (жарық шамдары, брусчатка, қоқыс жәшігі) жасақталатын құжаты болмақ. «Дизайн-код» – біртұтас эстетикалық сәулет пен жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар жиынтығы.
Осыған дейін «Дизайн код» тұрғын саны миллионнан асатын мегаполистерде жасалып келген. Мұндай бірегейлікке тек 2 жыл бұрын рұқсат етіліп, өзге шаһарларға да жоба әзірлеуге тапсырма берілген. Осыған сәйкес қалада бюджеттік өтінім әзірленіп, тиісті қаржы бөлініп отыр. Ендігі жерде кәсіпкерлік нысандар, жарнамалар, дәмхана мен дүкендер жан-жағын абаттандырып қана қоймай, олардың қасбеттері, жарнамалардың ілінуі де бірізділікке түсіп, дұрыс орналастыру тәртібіне сай жүретін болады.
Биыл осы бағытта Әуелбеков пен Әйтеке би көшелерінің бойы жаңа үлгіге сай жаңғырып, түрлене түспек. Осы ретте вокзал маңында орналасқан сауда дүңгіршектері де алынатын болды. Қыста салқын, жазда ыстық бұл сауда нүктелерінің орнына ішінде жылуы жүргізілген, желдеткіші бар арнайы орындар салынады. Бұл –шаһардағы игі бастамалардың бірі.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<