Сонау Оғыз дәуірінен бері қасиетті Сыр топырағынан ән мен жыр үзілген емес. Сондықтан да «Сыр елі, жыр елі» деген қанатты сөз қалыптасқан. Есте жоқ ескі замандардан желісін үзбей келе жатқан жыраулық өнердің ірі өкілдері де, осы Сырдың бойында өмір сүріп, тағдырдың талқаны таусылғанда қасиетті жырдың арқасында аттарын ұрпақ санасына ұмытылмастай қашап, баһи жайға жөнеп кеткен. Тарих пен танымды қатар дамытатын бұл өнер өкілдері бабам Қорқыттан бермен қарай тарих беттеріне жазылып біздің дәуірге жетті.
Қазақтың шаңырағына жабылған түндіктің бауы қолымызда тұрған XV-XIX ғасырларда жыраулық өнердің дамыған, халық арасында қадірленген кезеңі болатын. Кеңес деген атпен келген келеңсіз дәуір хан ордасына именбей кіріп, айбарлы ханға кеңес айтатын жырауларды тұқыртып, халықтың ақылы мен санасына айналған жырды керексіз жағдайға келтірді. Зымиян саясат пен кезіндегі Алтын орда мемлекетінің мұрагері болған ұлтты және басқа да бұратана ұлттарды жоюға құрылған кеңес үкіметініңде ақыры жетіп, жер бетінен бұл жүйенің жойылғанына да отыз жылдан асып барады. Алайда, ұлттар мен ұлыстарды рухсыздандыру саясаты ішінара іске асып, өткенімізді ұмыта бастадық.
Егемен ел болып, өз отымызды өзіміз тұтата бастаған кезде де шекеміз шылқығаны шамалы. Бірақ, бұрынғы дәуірге қарағанда шүкір деуге болады. Себебі, ұлттың руһани ұраншысына айналған жыраулық дәстүрге көңіл бөлініп, арнайы оқу орындарынан мамандықтар ашылып, саф өнердің дамуына өзек болатын әрекеттер жасалып келеді. Бұл нығымет – сөзсіз тәуелсіздіктің арқасы. Алайда, сол өліара шақтың өзінде осы өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғануына жанын жалдаған жанкешті жыршылар мен өнер жанашырлары болды. Олар қолынан келсе бірді-екілі шәкірт тәрбиелеп, мүмкіндіктің мөлшеріне қарай айтушылардан мақам-саздарды таспалап, қалай болғанда да өнерді өлтірмеудің қамында болды. Топырақтары торқа болғырларды ұлық Алла мейірімімен жарылқап, шапағатымен рахым айлағай!
Міне, сондай аяулы жанның бірі, көптеген көне мақамдардың жеткізушісі Қитарбек (Сары) Рахметов ағамыз еді. Ол Жалағаш ауданы Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келген. Жасынан өлең-жырға құмар болған бала Қитарбек белгілі жырау Ақдос Жолдасбаев, Әбділда Жүргенбаев, Тұрақ Байболов секілді өнер иелерінің соңынан еріп жыршылық өнерді меңгеруге ыждағатпен көңіл аударды. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін Қазалы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Отбасы жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмай, колхоздың түрлі жұмыстарына жегіледі. Арасында уақыт тауып, қолына түскен қисса- дастандарды жаттап, той-томалақтарда, үлкен мерекелерде халықтың сүйіп тыңдар жырауына айналады. Марқұм Сәкеңнің бір ерекшелігі жадқа сақтауға аса қабілеті болатын. Кез келген өзіне таныс емес 20-30 шумақ өлеңді 2-3 рет оқиды да, табанда қайталап айтып бере алады және сол жырды қанша уақыт өтсе де ұмытпаушы еді. Бас-аяғы төрт-бес жылда «Сары жырау» болып елге танылды.
Жадқа сақтау қаблетінің мықтылығынан болар, оның жыр қоры өте бай еді. Исаның «Құралай сұлу», Сәбиттің «Сұлушашы», біздің елде көп орындалатын «Көрұғлы», «Шәкір-Шәкірат», Сыр бойына кең тараған 6 ақынның, 16 ақынның, Шораяқтың Омары мен Қарасақал Ерімбеттің айтыстары, Асқар Тоқмағанбетовтың шымшымалары, Қуаныш Баймағанбетовтың толғау-термелері, ақын Сейітжан Бекшентайұлының жазғандары, «Тоғжанның гөй-гөйі» т.б. шығармаларды нақышына келтіріп орындайтын. Қазір үнтаспаларға жазылған біршама дауысы сақталған.
Сөзімнің басында өнерге жанашыр жандардың жыршы-жырауларды таспалау арқылы кейінгі толқынға жеткізгендігі туралы айтып өткен едім. Сондай ақсақалдың бірі Мақсұт Нұрылдаев еді. Сары жыраудың орындауындағы терме-толғаулар осы Мақсұт ақсақалдың жеке мұрағатында сақталып, осы кезге жетіп отыр. Белгілі фольклортанушы Б.Жүсіпов жинап, 2007 жылы құрстырған «Сыр сүлейін сұрасаң…» атты музыкалық антологияға Сары жыраудың 5-6 терме-толғауы енгізілді.
Зейнет жасына дейін шаруашылықтың түрлі салаларында жұмыс жасаған Қитарбек Рахметұлы 2009 жылы дүниеден өтті. Марқұм, туыстық жағынан маған жиеншар болып келеді. Сары жыраудың әкесі Рахмет Жақыпұлы менің апам Күнбөбектен туады. Күнбөбек – қазақтың белгілі биі Дәуімшар Қитарұлының қызы. Рахмет жиеніміз балаларына түгел нағашыларының атын қойған. Сәндібек, Қитарбек, Мысабек, Қазбек деген кісілердің барлығы – менің аталарымның аттары. Балаларына нағашыларының атын бергенде, ұлық жұртын ертеңгі ұрпақ ұмытпауын қалаған болуы деп түсінуге болады.
Сырдың жыр әлемі өзгеше екені, өзге өңірлерге ұқсамайтын дара болмысты екені ешкімге құпия емес. Ескідегі жырауларымыз бен жыршыларымыз мақам-саздарға ерекше мән берген. Ол кездегі жыршылар біріне бірі ұқсамайтын, иірімдері мен қайыруларыда басқа, дауыс ырғақтарындағы толқындары да өзгеше болған. Кейіннен жыраулық өнер заманның ыңғайына қарай сахналық сипат алғаннан кейін, қазіргі орындаушыларда бірыңғайлық белең алды. Ал, Қитарбек (Сары) жыраудың артықшылығы да, сол баяғы ізді сақтап, сол мақамдарды бізге жеткеруінде еді.
Жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы, ақ пен қара алмасқан заманда жақсыға қарай, жақсылыққа қарай ұмтылу парыз екенін ұмытпай, өнерді қадір тұтып, өнепазды құрметтей білуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда Сары Рахметұлының өнерге қосқан үлесін ескеріп, туған жерінде атының ұлықталғанын қалаймыз. Осы ретте шаралар қолға алынса құба-құп болар еді. Біздің ұлттық мұраларымыз бен құндылықтарымызды қорғап, олардың ел арасындағы насихатына білек сыбана кірісетін «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалы және оның атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаеваға алғысымыз шексіз. «Сағымнан сарын оздырған» атты облыстық жыршы-термешілер фестивалін облыстық мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе өткізуді жоспарлап отыр.
Өнер – жанашыр жандар болғанда ғана өміршең, өнерпаздармен жасампаз! Жыр өнерінің ардакүреңдері ел жадынан өшпек емес.
Қитарбек, Сары жырау Рахметов.
Жырлайтын таңнан -таңға асып өтіп.
Жаңғабыл Жақып атаң, бабаң Ноғай,
Зүриятын жаратыпты асыл етіп.
Белгілі би Дәуімшар түп нағашың,
Қалдырған қаншама сөз нақыл етіп.
Күнбөбек әжең аты, менің апам
Көнеден көп сөз айтқан ақыл есіп.
Сойлардың сағасынан қанып іштің,
Ән-жырға кетпеп еді ақы кетіп.
Қу заман ұлы өнерді қажетсінбей,
Лақтырды күресінге зақым етіп.
Сондада мойымадың мұқалмай еш,
Шәкіртке ектің дәнек дақыл етіп.
Білгенге үлкен еңбек, маңдай терлеп,
Тәліпке тәлім беру татым етіп.
Сондықтан орны бөлек Сары ағамның,
Жалғаған ұлы көшті жақын етіп.
Өлгенің тірілгендей өшкен жанып,
Бір шара туған жерде жатыр өтіп.
Сұм жалған кімдерге опа берді дейсің,
Басыңнан ауған бұлттай басып өтіп.
Тұлғаңды тіршілікте дәріптеп өт,
Барады қысқа ғұмыр ақыры өтіп.
«Аманат» ұлт мұрасын ұлықтаса,
Жауһарды шын жібектей шашып өтіп.
Береке, бақ пен ырыс ынтымақта,
Ұйыған бірлігің тұр ғашық етіп.
Ас қабыл, болсын құтты тойларыңыз!
Жақсыға әркезде де ашық есік.
Тарихта өшпей аты Сары жыраудың,
жалғансын ғасырлардан ғасыр өтіп.
Берік Саймағанбетов,
жыршы, ҚР мәдениет қайраткері






