Біреуі жаза басты, біреуі әдейі істеді, оны іші білер. Біз көргенде бірдей түсті киім киген олардың бәрінде арман бар еді. Мақаланы бастамас бұрын әбден ойланғанбыз. Кісіге зәбір мен жапа берген адамда не мейірім болушы еді деймін ғой баяғы. «Бақсам бақа екен» демекші, басына іс түскен бұлардың кейбірінен «ендігі мүмкіндікте мүлт кетпеспін» деген көзқарасты байқау түк те қиын емес еді.
Қош, турасына көшелік. Бұлтақтамай басын ашсақ, ақпан айында біз осында болдық. Облыс орталығында ЗК-169/5 деп аталатын мекеме. Бас бостандығынан айырылғандардың орны. Дұрысы, сіз бен бізге түсінікті аты түрме еді ғой.
Мұнда көргенімізді сол кезде жаздық та. «От басса да отбасын асыраған» деген тақырыпта. Қоғамнан тыс, жабық дуал ішінде өмір сүретін сотталушылардың өмірін баяндауға тырыстық. Аз-кем. Оқырман айтар бағасын.
Иә, сонда сотталушылардың жұмыс істеп, жалақы алуға мүмкіндігі барын жазғанбыз. Оны көзбен көрдік. Тіпті, тұтас бір өндіріс тұр мұнда. Әр бөлмеге орналасқан наубайхана, қолөнер, ағаш пен тігін цехы, тіпті дәнекерлеушілер де бар. Аяқ киім шеберханасы тұр. Жаздыгүні құрылысқа қажетті өнімдер (шлакоблок, пескоблок, т.б) шығаратын маусымдық шағын кәсіпорын да бізге кезікті.
Олар осылай табыс табу арқылы отбасына ақша жіберіп отыр. Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа немесе мемлекетке қарыз болса, жұмыс істеу арқылы да шығынын қайтарады. Мекеме ішінде арнайы дүкен ұйымдастырылған. Кез келген жазасын өтеуші тапқан табысына керек-жарағын алады екен.
Арасында түрлі мамандық алуға ұмтылғандар жетерлік. Жаза мерзімім бітсе, алдағы өмірде адал нанымды тауып жесем деген ниеті ғой. Қамақтан босағандар арасында үйренген кәсібі арқылы жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүргендер де бар көрінеді.
Айтпағымыз ол емес. Түрме ішінде тілдескен кейіпкерлеріміз болды. Бірі – ағаш шебері. Бірі – суретші. Мекемедегі қолөнер цехында жұмыс істеп, жалақы алады. Жасаған бұйымдарын көрсетіп әлек.

– Бұны қайтпексіз? – дейміз ғой қызығушылықпен.
– Үйдегі ұлыма жіберемін, – дейді Д.С есімді жазасын өтеуші қолындағы домбырасын көрсетіп. – Бұл әлі толық бітпеді. Ұлым домбыра үйірмесіне қатысып жүр. Әкесінің сыйлығын алса, ол шынымен де қатты қуанар еді…
– Ал сіздікі қандай бұйым? – дедік А.Қ есімді сотталушыға қарап.
– Менікі кішкентай қобдишалар ғой, – деді ол жымиып. – Менің қыздарым бар. Үшеу. Соларға арнап істедім. Қыз бала жылтырыққа үйір болмай ма? Қобдишаларға өздерінің сақина, сырғасын, басқа да қажетті заттарын салып қояды.
Таңғаласың. Еңбекқор шынымен. Үш қобдишаны бір ай ішінде бітірген. Жақында кездесуге келетін жақындарынан беріп жібермек. Оның айтуынша, анасына, жарына, балаларына осылай сыйлық істеп жүргендер көп.
Үшінші кейіпкердің таланты бөлек. Ол – суретші. Әрі оны жұқа ағаш тақтайға салады. Студент кезінен хобби ретінде әуестенген А.С балаларына осындай дүние жасап жүр. Ал салған дүниесі кәсіби суретшілерден кем емес.
– Сурет сала отырып, олардың қуанатынын елестетсем, бақытты күй кешемін. Бізді алыс болса да отбасыммен жақындастыруға мүмкіндік жасаған мекеме басшылығына көп рахмет. Сыйлық – жақындарыңмен қарым-қатынастың тереңдей түсуіне дәнекер болар дүние. Әр отбасы мүшесін қуантып, үнемі қолдан салған суреттерімді тарту етіп, жіберіп отырамын – дейді ол.
Сотталушыда мейірім жоқ деген базбіреудің пікірін жойған осындай адамдар бар. Олар: «Отбасым – қорғаным, балаларым – бақытым» деп жүр. Әр сотталушы сыйлық істеу арқылы өз баласына деген сағынышын іштей басады десек, біз қателеспеспіз.
Айтпақшы, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Мұндағы әр жазасын өтеуші ол жаңалықтан бәлкім хабарсыз, бәлкім естіді. Бірақ олар әр мереке сайын өз ұл-қызын қуантып жүр. Бала ғана емес, анасын, жарын, тіпті досын да…
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»





