Сахна саңлағы – Сәбира

490

0

Биыл КСРО және ҚазКСР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанованың туғанына 110 жыл толды. Осыған орай С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Театр. Өмір. Сахна» атты еске алу кеші өтті. Театрдың анасы атанған талантты тұлғаға арналған кеш өнер иесінің өмірі туралы бейнеүзікпен, Ш.Айтматовтың шоқтығы биік «Ана-Жер-ана» қойылымынан үзіндіден басталды.

Кеште қала әкімінің орынбасары Дарқан Тұрсынбаев С.Майқанованың қазақ өнеріндегі орнына тоқталды.

– Сәбира апамыз – талайды тамсантқан Толғанайымен-ақ өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен әлемдік деңгейдегі актриса. Оның шеберлігін, театр әлеміндегі ерен еңбегін театр сыншысы Әшірбек Сығай былай деп жеткізеді: «Алымды сахнагердің қай қапталынан көз салсаңыз да, өркешті бейнелер легі, құдіретті кесек кейіпкерлер тобы жадыңызға оралып, дәл бір ежелгі ертегілер елінен қуана қол бұлғап тұрған ескі таныстарыңдай жылы ұшырар еді. Ұлты, рухы, түр-түсі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы әрқилы әйелдер кескіні, өздері шыққан түп-тамырларын туған төл топырақтарынан нақ бір қазақтың ұлы қызы, ұлтымыздың өрелі өнерпазы Сәбира арқылы ғана тапқандай». Осыдан-ақ актрисаның қаншалықты талантты, аналар бейнесінің эталонын қалыптастырғанын байқауға болады.

Бүгінгі 110 жылдық мерейтой құтты болсын. Қазақ халқының мақтанышына айналған актриса барша жұрттың есінде мәңгі сақталады, – деді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темір өнер иесі туралы естелік айтты, облыстық  мәдениет, архивтер және  құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекованың құттықтауын табыс етті.

Жиында Сәбира Майқанованың қызы, медицина ғылымдарының докторы Гүлдар Әбдірашитова сөз алып, алғысын білдірді.

– Анамның туған жеріне келіп бір марқайып қалдым. Ол кісі туған жерін, бұл жақтың жұртын үнемі аузынан тастамай мақтап та, мақтанып та отыратын. Мерейтой қарсаңында осындай құрмет көрсетіп жатқан Сыр еліне алғысым шексіз, – деді.

Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Рахилям Машурова да тағылымды естеліктер айтып, сахна саңлағының өмір жолынан сыр шертті.

Кеште актриса жайлы өлеңдер оқылып, ана туралы жүрек тебірентер әндер шырқалды, деректі фильм көрсетілді.

Сәбира Майқанова 1914 жылы 1 қаңтарда Сырдария ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, интернатта тәрбиеленген. Оның алғашқы рөлі Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай еді. Кәсіби сахна өнерінің негізін қалаған аға ұрпақпен әріптес бола жүріп мол тағылым алған С.Майқанова қарашаңырақ сахнасында алпыс жылдан астам үзіліссіз еңбек етіп, жарқын да шоқтығы биік бейнелердің тұтас бір галереясын жасады.

Сондай-ақ кәсіби театр өнерінің өркендеуіне бар жан-тәнімен қызмет етті. Қандай рөл сомдаса да оның өн бойынан қазақилық, дарқан даланың иісі сезіліп тұрды. Ол қазақ әйелінің бейнесін ғана емес өз репертуарындағы грузин, вьетнам, эстон, испан, фин, түрік, өзбек, орыс, қырғыз әйелдерінің жан дүниесін де шынайы жеткізе білді. Қалай десек те рухты өнері және биік азаматтық болмысымен «театрдың анасы» атанған, аса көрнекті актриса, адамдарға деген ізет-ілтипаты, бауырмалдығымен өнерпаз қауымының да, халқының да сүйіспеншілігіне бөленді. Оның ғибратты ғұмыры халқына, өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі, ал өнері мәңгі жасай бермек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<