Саябақтар мен парктер қайта жаңғыртылады

72

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Bi GROUP» LTD компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Облыс орталығында құны 10 млрд 900 млн теңге болатын «Шығармашылық инновациялық орталығы» салынуда. Орталықта балаларды спорттық сауықтырудан бөлек, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-өлкетану, гуманитарлық бағытта қызмет көрсетіледі.

Оған қоса футбол, баскетбол, волейбол, воркаут алаңдары, бассейн, соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Нысанды «Bi Global» ЖШС салуда. Бас жобалаушы – «Tehnikaliq baqilau», техникалық қадағалаушы – «Алатау Сапа Құрылыс» серіктестіктері, 2026 жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, алдағы жылы қаладағы 4 демалыс орнын қайта жаңғырту жоспарлануда. Атап айтқанда, Б.Шөкенов атындағы саябақты абаттандырудың, қалалық мәдени және демалыс паркін қайта жаңғыртудың сараптама қорытындысы шықты. Саябақты абаттандыру жұмыстары 23 410 шаршы метр аумақты қамтиды, 5 айда аяқтау жоспарланған. Ал демалыс паркіне ғимараттар мен аттракциондар, бетонды скейтпарк салынбақ.

Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғыртудың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш маңындағы саябақты абаттандыруға байланысты сараптама қорытындысы күтілуде.

Аталған 4 жобаның жоба-сметалық құжаттамасы «Bi Group» холдингінің демеушілігімен дайындалуда.

Айта кетейік, соңғы екі жылда мемлекет қолдауының арқасында аймақта құрылыс қарқыны айрықша. Өткен жылдың қорытындысына зер салсақ, құрылыс жұмыстарының көлемі 183,4 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар аясында, қаржыландырудың барлық көзінен 869 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Осылайша, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті. Бюджеттен бөлінген 34 млрд 100 млн теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Өңірде жыл басынан бері 750-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады.

Ерекше атап өту қажет, өткен жылдан бері қаламызда 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<