Саябақтар қайта жасанады

443

0

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаевпен бірге Қызылорда қаласындағы мәдени-көпшілік демалыс орындарын, парктер мен саябақтарды аралады.

Алдымен  Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш  орналасқан саябаққа барды. Дария жағалауындағы демалыс орнында биік тұғырға орнатылған ескерткіш бар, аумағы көгалдандырылған.

Содан соң Б.Шөкенов атындағы саябақтың жағдайымен танысты. Бұрынғы «Пионерлер паркінің»  жер аумағы 18 927 шаршы метр,  қоқыс жәшіктері, түнгі жарық бағаналары орнатылған.

2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында  саябақтағы балалар ойын, баскетбол алаңдарына ағымдағы жөндеу  жүргізілді.

Келесі нысан  қалалық мәдениет және демалыс паркі болды. Жалпы аумағы 5,6 гектар, 93 аттракцион орналасқан. Оның 9-ы парк меншігінде, 84-і жеке кәсіпкерлерге тиесілі.

Танымал демалыс орнының бірі – «Теміржол паркі». 2018 жылы  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан қала әкімдігінің теңгеріміне өткізілді. «Жұмыспен қамтудың  жол картасы» аясында 2021 жылы қайта жаңғыртылды. Паркте волейбол, баскетбол, теннис және спорттық жаттығу алаңдары мен субұрқақ бар. Бұл аумаққа 1 000-ға жуық түрлі сәндік ағаш егілген.

Тұңғыш Президент  саябағы 2008 жылы салынды. Сәндік ағаштар, гүлзарлар, көшеттер отырғызылған. Жоғарыда аталған демалыс орындарының барлығын күтіп ұстауға «Реал Строй Снаб» ЖШС жауапты.

– Қаламызда халық демалатын, әсіресе жаздың аптабында саялайтын орындар аз. Сондықтан каникул кезінде, кешкісін тұрғындар балаларын ертіп баратын, алаңсыз демалатын, үлкен-кішіге бірдей  ыңғайлы, қауіпсіз саябақтар, парктер көп әрі қолжетімді болуы керек. Ол үшін айдалаға жаңа парк немесе демалыс орнын салудың қажеті жоқ, қолдағы барымызды  көгалдандырып, тазалап, абаттандырған өте тиімді. Жаңа аттракциондар, ойын алаңдарын, субұрқақтар салсақ, саябақтарымыз көріктене түседі.

Алысқа бармай-ақ, орталық алаңды мысалға келтірейік. Аз уақытта қала тұрғындары бас қосатын, демалатын жайлы мекенге айналып үлгерді. Қазан айынан бастап жұмысты қолға алыңыздар. Келесі жылдың 1 мамырына дейін қаладағы барлық демалыс орындары, атап айтқанда орталық парк,  Қорқыт ата, Б.Шөкенов, Тұңғыш Президент атындағы, «Теміржол» саябақтары жұртшылыққа қолайлы етіп қайта жасалуы керек. Балалар ойын алаңдары, аттракциондар қойылып, тозығы жетіп тұрған тұстары  жаңартылуы, жарықтандырылуы тиіс. Аттракциондардың басым бөлігін тұрғындарға қолжетімді, яғни тегін етсе, кейбірі ақылы қызмет көрсетеді. Көптеген отбасылардың ірі сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына балаларын апаруға мүмкіндігі жоқ.  Сол себепті демалыс орындары қаланың әр аумағында болуы керек, – деді облыс әкімі.

Нұрлыбек Машбекұлы көпшілік демалатын орындарға қатысты тапсырмаларды атап айтып, ең басты талап жұртшылықтың бәріне бірдей қолжетімділік екенін ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<