Саяси қуғын-сүргіннің ішке бүккен сыры көп

724

0

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» жұмысын бастады. Бұл бағытта қызылордалық тарихшы ғалымдар да екі жылдан астам уақыттан бері жүйелі жұмыс жүргізуде. Көптеген архивтік құжаттарға зер салып, маңызды деректерді іздеп табуға көңіл бөлді. Осының жай-жапсары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Шоқайтану» ғылыми орталығында өткен «Сыр өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: зерттелуі және мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда кеңінен талқыланды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталған бағытта еліміздің барлық өңірінде комиссиялар құрылды. Нәтижесінде мақсатты түрде 11 бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ғылыми ізденісті қажет етеді. Қаншама архивтің құжаттары ақтарылуы қажет. Осы мәселеге байланысты Қызылорда мен Түркістан облыстары арасында өте тығыз байланыс бар. Өйткені, 1936 жылға дейін аталған аумақтарда Сырдария округі болды. Ол Қазалы мен Әулиеата аралығын қамтыды. Сол уақыттағы кәмпеске, күштеп ұжымдастыру, адамдардың өзге елдерге үдере көшуі секілді жағдайларға байланысты мәліметтер сол аймақтағы архив мекемелерінен табылады. Қазір осы мақсатта тиісті жұмыстар жасалуда. Биыл Қызылорда және Түркістан облыстық комиссиясының жұмыс тобы Жаңақорған ауданында тәжірибе алмасты. Бірлескен экспедициялар жүргізді. Түркістан облыстық комиссиясы шығарған жинақтың ішінде Қызылорда облысына қатысты деректер аз емес. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау биылғы жылмен шектелмейді. Алдағы уақытта аталған жұмыстарды талдау, сараптау, таразылау шаралары жүргізіледі, – деді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының мүшесі Хазіретәлі Тұрсын.

Ал онлайн байланыс арқылы пікір білдірген А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Рауан Байдалы сол жылдарда жазықсыз жазаланған адамдардың тағдыры жөнінде ой қозғап, пікірін білдірді. Оның айтуынша, архивтік құжаттарды қарағанда түркімен, өзбек және қарақалпақ жерлерінде дәл  Қазақстан секілді ұжымдастыру жүрмегенін айтуға болады.

– Қостанай облысы архивін қараған кезде ол жерден үдере көшкен адамдардың Сыр өңіріне кеткені жөнінде құжаттар кездеседі. Сондай-ақ, Қызылорда облысы архивінде жұмыс жасаған қостанайлық ғалымдар көптеген маңызды құжаттарға кезікті. Олардың арасында екі өңірге қатысты нақты мәліметтер қолға түсті, – деді Рауан Байдалы.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры, тарих ғыдымдарының кандидаты Сағат Тайманның айтуынша, өңірде қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты көптеген іс-шаралар жүзеге асты. Әрине, ғалымдар әрбір құжатқа мән беріп, саяси зобалаң зардабын тартқан азаматтардың істерін нақтылауға тырысты.

– Біз қараған протоколдың барлығының шынайылығына көз жеткізу мүмкін емес. Олардың барлығы бір-біріне өте ұқсас. Сондықтан ол жөнінде нақты шешім қабылдау қиын. Жазықсыз жазаға ұшырағандар арасында күзетші, етікші, мақташы, молда болған адамдар бар. Сондықтан уақыт ағымының өзгеруіне байланысты оларға орай қабылданған қателіктерге мұқият назар аударғанымыз артық емес. Тарихымызды таразылай отырып, өткен ғасырдың 20-40-жылдар аралығында саяси жазаға тартылған адамдардың көбісінің кінәсі жоқ деуге негіз бар. Сондықтан оларды ақтап алуға ұсынуға болады, – деді Сағат Тайман.

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, өткен ғасырдың 20-40-жылдарында жергілікті ұлт өкілдерінің облыс халқы санына байланысты үлес салмағы біршама төмендегенін байқау қиын емес.

–  Бұл репрессия жылдарында, соғысқа дейінгі және кейінгі жылдарда өзге ұлт өкілдерінің түрлі себеппен облысқа көшірілуі салдарынан болды. Бұл қазақтардың үлес салмағының азаюына алып келді. 1939 жылғы санақта өңірде югослав, португал, итальян секілді ұлттардың да бар болғаны анықталды. Дегенмен зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында көптеген қиындықтар туындады. Кейбір мәліметтерді жергілікті архивтен кездестіре алған жоқпыз. Оларды өзге өңірлердегі архивтерден нақтыладық. Бұл тарихты толық ашуға жеткіліксіз, – деді тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақов.

Көптеген мәліметтер жинақталып, ғылыми айналымға түсті. Зобалаң жылдарда «Шетелге көшкен адамдардың барлығы кеңес үкіметіне  қарсы, олардың барлығы – бай адамдар. Олар – Отанын сатқан халық жаулары» деген теріс түсінік болды.

Конференцияда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова «Кез келген ел  үшін  бастық  құндылық – ұлттық бірлік, ынтымақ және тұтастық. ХХ ғасыр басында осы құндылықтарды ту еткен ұлт зиялыларының үлкен шоғыры қалыптасты. Олардың  есімін  ұлықтау – кейінгі ұрпақтың парызы» деп атап өтті.

Ғалымдар саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған, сотсыз немесе тергеусіз атылған, аштық кезінде елден кетуге мәжбүр болған босқындар және тарихымыздың басқа да ашылмаған ақтаңдақ беттеріне жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған деректер негізінде баяндамалар жасады.

Конференция барысында облыстық жұмысшы тобының атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы міндеттері пысықталды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<