Санаулы күннен кейін елде саяси науқан, конституциялық реформа – референдум өтеді. Оған әзірлік қандай? Ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қаншалықты жүргізілді? Осы сұрақтар төңірегінде облыстық референдум комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ғалым Қонақбайұлы, саяси шараға дайындық барысы туралы айтсаңыз?
– Облыс бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 462 685 адам тіркелген. Дауыс берудің күні, уақыты, орны туралы ақпараттандыру бойынша қажетті шаралар атқарылды. Атап айтқанда, азаматтарды ақпараттандырудың бірыңғай форматтағы материалдардың 180 мың дана шақыру қағазы шығарылып, тұрғылықты мекен-жайы бойынша таратылды. Одан бөлек, А3 форматта 10 мың дана референдум учаскесінің орналасқан жері мен байланыс телефондары көрсетілген ақпараттық плакаттар 6828 көпқабатты үйдің кіреберісіне ілінді. Облыс бойынша аумақтық референдум комиссиялары 27 ақпараттық-жұмылдыру билбордын, 762 маңдайша және 663 календарь-баннерді орналастырды. Сонымен қатар, дауыс беру күні, уақыты, орны туралы және азаматтардың тұрғылықты тіркелген мекен жайы туралы мәліметтерді нақтылау үшін тиісті ақпараттар барлық аумақтық референдум комиссияларының интернет-парақшаларында тұр. Жергілікті «Qyzylorda» және «Қоғам ТВ» телеарналарында бейнероликтер көрсетілуде.
– Облыста қанша учаскелік референдум комиссиясы бар?
– Өңірде 373 учаскелік референдум комиссиясы, 2812 комиссия мүшесі бар. Барлық учаскелік комиссиялар кестеге сәйкес демалыссыз жұмыс істеуде. Қазіргі кезде учаскелерде азаматтардың референдумға қатысуға құқығы бар адамдардың тізімінен өзі туралы деректермен танысуына толық мүмкіндігі бар. Қажет болған жағдайларда комиссия тізімдегі қателіктерді түзету мәселелерін қарап, тиісті шешімдерді қабылдайды. Азаматтардан деректеріндегі қателіктер мен жаңсақтықтарды түзету бойынша өтініштер әзірге түскен жоқ. Қазіргі таңда 226 адамға есептен шығару куәлігі берілді. Барлық референдум комиссия төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшыларына семинар-кеңес өткізілді. Қазіргі кезде оқытудың каскадтық жүйесі арқылы қалған барлық мүшелеріне оқыту семинар-тренингтерін өткізіп болды. 26-27 мамыр аралығында Орталық Референдум Комиссиясының өкілдері облыстың барлық аудан, қала орталықтарында 1 аумақтық, 17 учаскелік референдум комиссиясына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тексерілген учаскелердің барлығында нұсқаулыққа сәйкес ақпараттық материалдармен жабдықталған, орталықтан келген ақпараттық плакаттар барлық учаскелерге таратылды. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасалған.
– Байқаушылар келе ме?
– Біздің облысқа байқаушылар шет елден келмейді, референдумды бақылауды қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері жүргізеді. Жалпы республика бойынша шет елден 272 байқаушы тіркелген.
Сұхбаттасқан
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<