«Достық үйінде» облыстық ішкі саясат басқармасының кеңейтілген мәжілісі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, волонтерлар, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Мәжіліс барысында басқарма басшысы Мира Қазбекова өткен жылдың қорытындысы мен алдағы негізгі міндеттер туралы жан-жақты баяндап берді.
Басқарма тарапынан атқарылған іс-шаралардың дені өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар қоғамдық пікірге негізделген мониторинг нәтижесі бойынша іске асырылды.
Биылғы жылдың басында болған қаңтар оқиғасы бұл бағытта атқарылатын жұмыстар барысын әлі де күшейте түсу қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ, өзекті мәселелерді шешуде барлық салаға асқан жауапкершілікпен жұмыс жасау қажет екендігі айқындалды.
Аймақта мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуде тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Облыстың медиа кеңістігінде барлығы 101 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Олардың 87-сі мерзімдік басылымдар, 8 электронды, 3-і ақпараттық агенттік және 3-і интернет-сайт. Айта кету керек, биылғы жылдан бастап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан мемлекеттік ақпараттық саясаттың бірыңғай жүйесін қалыптастыру және ашықтықты қамтамасыз етуде тәуелсіз комиссия құрылады. Қазіргі таңда оның тиісті әдістемесі дайындалды. Алдағы уақытта жаңа талап бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Өңірде азаматтық қоғам институттарының жұмысына өз деңгейінде мән беріліп келеді. Өңірде 1193 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Азаматтық қоғам институттарының басын біріктіретін үкіметтік емес ұйымдар альянсы ассоциациясы жұмыс жасайды.
Облыста 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 176300. Оның ішінде 73180 адам қаланың үлесінде, 103120-ы ауылдағы жастар. Өткен жылдың төртінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық 4 процентті құрады. Өңірде жастар саясатын жүзеге асыруға мүдделі органдардың атқаратын қызметін жүйелендіріп, облыстық «Сыр жастары» кешендік бағдарламасын әзірлеуге мән беріліп отыр. Бұл бағдарлама аясында жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету секілді ауқымды бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру көзделген.
– Былтыр ішкі саясат саласында үлкен өзгерістер орын алды. Құрылымның құрамы өзгеріп, жұмыс істеу шеңбері артты. Жаңа функциялар беріліп, жастармен жұмыс жасау және Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы және этносаралық қатынастар бөлімдері ашылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстар бөлімдері біріктірілді. Атап айтқанда, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» және «Қоғамдық келісім» мекемелері басқарманың құрылымына еніп, «Рухани жаңғыру орталығы» коммуналдық мекеме ретінде қайта құрылды, – деді басқарма басшысы Мира Жомартқызы.
Мәжіліс барысында кешегі қаңтар оқиғасы кезінде елдің ауызбірлігі, татулығы арқасында кейбір аудандарда ешқандай келеңсіздікке жол берілген жоқ. Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовтің айтуынша, сол күндерде ауданда бейбіт шеруге шыққан тұрғындармен ақсақалдар, белгілі азаматтар, аудан басшылары ортақ түсіністікке келді. Сондай-ақ, дәл сол уақытта жергілікті тұрғындар және еріктілер күшімен теміржол бойында екі күнге жуық тоқтап тұрған төрт пойыздағы жолаушылар ыстық тамақ және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етілді.
Осыған ұқсас жағдай Шиелі ауданында болды. Аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов сын сәтте қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Ұлтаралық қатынастарды дамыту мақсатындағы жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, басқармаға қарасты мекемелер мен ұйымдардың өкілдері мінберде сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңейтілген отырыста халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсат қазақ тілінің мәртебесін арттыруда ішкі саясат саласының рөлі маңызды екенін атап өтті.
Қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімов алдағы уақытта журналистерге жүктелген міндеттерге тоқталды. Қазіргі қоғамдағы өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдары алдына нақты талаптар қойды. Қалам иелері ел тынысын көрсетуде жедел, нақты, жан-жақты сараптамалық ақпараттар беруге көңіл бөлуі тиіс. Әдетте, кейбір азаматтар тарапынан медиа саласына бөлінетін тапсырыс аясындағы қаржыға қатысты сын айтылып жатады. Әрине, телеарна мен газеттердегі әрбір өнімді дайындап шығару қомақты шығынды талап етеді. Сондықтан қай кезде де нақты дерек көзі саналатын бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға көңіл бөлу артық емес.
Жиын соңыңда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Елдің ауызбірлігін сақтау, өңіріміздің дамуы – барлығы өзіміздің қолымызда. Сол себепті осы мақсатта күш-жігерімізді салып, дұрыс бағытта жүруге назар аударуымыз тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттер нақтыланды. Бұл бағытта облыста жасалатын жұмыс жоспары сараланып, алдағы уақытта сол мақсатта нақты істер атқарылады. Осы орайда көпшіліктің ой-пікірі ескеріліп, ол жобалардың іске асуына арналған негізгі тетіктер болуы тиіс. Ең бастысы, ел – өзіміздікі, облысты үлкен деңгейде алдыңғы қатардан көрсету – негізгі міндетіміз. Жалпы, әрбір ауданның, елді мекеннің дамуы деңгейі әртүрлі. Қай істі жүзеге асыру елдің ауызбірлігі, ынтымағына тікелей байланысты, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





