Саяси жаңғырудың қисынды жалғасы

9

0

Қоғам бір орында тұрмайды, әрдайым даму үстінде ізденісте болады. Қазіргі саяси жаңғырудың түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті күшейту және Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа конституциялық модельге көшу. Осы жолда ұлттың бірлігі, қоғамдық келісім және жауапкершілік айрықша мәнге ие. Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демократиялық реформаларды жалғастырып жатқан егемен еліміз үшін аса маңызды өзгерістер туралы жариялады.

Бұл – Мемлекет басшысының баста­масымен жасалып жатқан жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолындағы саяси жаңғырудың қисынды жалғасы. Себебі бұған дейінгі Жолдауында Президентіміз қос палаталы Парламентті бір палаталы заң шығарушы орган етіп құруды, соған сәйкес конституциялық реформа жасап, референдум өткізуді ұсынған еді.

Қазіргі қолданыстағы Консти­туция­ның 48-бабының 1-тармағында «Қазақ­стан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кеті­рілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Прези­дентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына кө­шеді; Сенат Төрағасының өзіне Прези­дент өкілеттігін қабылдауы мүмкін бол­маған ретте ол Парламент Мәжілісінің Төрағасына көшеді; Мәжіліс Төраға­сының өзіне Президент өкілеттігін қа­былдауы мүмкін болмаған ретте ол Республиканың Премьер-министріне көшеді…» деп бекітілген. Ата Заңға сәйкес, мемлекетіміздегі Президенттен кейінгі екінші және үшінші ең жоғарғы саяси лауазымдар – Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары. Сәйкесінше, реформадан кейін бір палаталы Парламент – Президент ұсынысымен «Құрыл­тай» деген жаңа атаумен қалып­тасатыны, Сенат пен Мәжіліс төрағалары деген лауазымдар болмайтыны анық. Олай болса, жоғарыда көрсетілген консти­туциялық нормадағы сияқты президенттік өкілеттікті форс-мажорлық жағдайда алмастырып, жалғастыратын саяси тетік қарастырылуы қажет. Міне, сондай саяси тетікті Вице-президент лауазымы атқарады.

Әлемдік тәжірибеде АҚШ-тағы вице-президенттік лауазымы ерекше танымал. АҚШ Вице-президенті – президентпен бірге сайланатын мемлекеттегі екінші тұлға. Конституция бойынша ол АҚШ Президентін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда ауыстырады. Сондай-ақ Вице-президент Сенатты басқарады, дауыстар тең болған кезде шешуші дауыстың айрықша құқығына ие. Сонымен қатар, Вице-президент президенттік сайлауда бюллетеньдерді алу және санау кезінде ресми түрде төрағалық етеді.

Негізінде, бұл лауазым біз үшін де таңсық жаңалық емес, Қазақстанның саяси тәжірибесінде бұрын қолданыста болған. Мысалы, 1990 жылғы 24 сәуірден 13 мамырға дейін Қазақ КСР Вице-президенті С.Терещенко, ал еліміз тәуелсіздігін алған соң Е.Асанбаев 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап 1996 жылғы 22 ақпанға дейін Қазақстанның Вице-президенті болғаны есімізде. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Конституциясына сәйкес осы лауазым жойылды. Вице-президенттің негізгі миссиясы Сенат спикеріне (мүмкіндік болмай жатса Мәжіліс төрағасына немесе Үкімет басшысына) беріліп, атқаратын саяси қызмет жүктемелері Мемлекеттік хатшыға өтті. Мемлекеттік хатшы лауазымы 2022 жылға дейін болды. Ал 2022 жылғы 14 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің мәртебесі мен өкілеттігі туралы» Президенттің № 927 Жарлығына сәйкес оның орнына Мемлекеттік кеңесші лауазымы туындады. Оның атқаратын қызметтеріне мыналар кірді:

– Президент үшін стратегиялық ұсыныстар әзірлеу.

– Парламентте, мемлекеттік орган­дарда, партияларда және халықаралық аре­нада Президенттің мүдделерін біл­діру;

– Негізгі комиссиялар мен консуль­тативтік органдардың жұмысын үйлес­тіру;

– Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты мен мемлекеттік талдау орталықтарына жетекшілік ету;

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындауды бақылау;

–  Президенттің басқа да тапсыр­ма­ларын орындау.

Енді болашақтағы Вице-президенттің атқаратын қызметтерін салыстыра кет­сек, ұқсастықтар анық байқалады:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттердің делегациялары­мен келіс­­­сөздерде Қазақстанның мүдделерін біл­діру;

– Парламентте Президенттің мүдде­сін білдіру;

– Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағарту ұйым­дарымен өзара іс-қимыл жасау;

– Президенттің өзге де тапсырмаларын орындау.

Жоғарыда тоқталған АҚШ саяси тәжірибесінде вице президенттікпен қатар Мемлекеттік хатшы лауазымы да қатар жүретінін де айта кеткеніміз жөн. АҚШ Мемлекеттік хатшысы – Сенаттың келі­сімімен Президент тағайындайтын, Прези­денттің сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі. Ол сыртқы саясат мәселелерін шешеді, халықаралық келіс­сөздерге қа­тысады, дипломаттардың жұмысын бақы­лайды, халықаралық келісімдер жасайды және түсіндіреді, шетелдегі азаматтар мен мемлекеттің мүдделерін қорғайды және мемлекеттік департаментті басқарады. Өзге қосымша міндеттеріне АҚШ-тың Ұлы мөрін сақтау, Президент жарлықтарын дайын­дау және халықаралық шарттардың ресми тізілімін жүргізу кіреді.

Мемлекет басшысы Қызылордада өткен алқалы жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай өздерінің тарихи миссияларын табысты аяқтағанына тоқталып, енді саяси жаң­ғырудың жаңа сатысында жалпы­ұлттық диалогты жүзеге асыратын жоғары консуль­тативтік орган мәртебесіне ие, кең ауқымды пікіралмасу платформасы бола­тын­дай жаңа институт ретінде Қазақ­станның Халық кеңесін құруды ұсынған болатын. Сонымен қатар, мұн­дай жалпы­ұлттық биік саяси мін­бердің құрылымы мен қызметі қандай болуы тиіс екенін де нақтылап берген еді.

Қазақстан Президенті өзі тағайын­дайтын 126 мүшесі бар Халық кеңесі этномәдени орталықтардың 42 өкілінен, азаматтық қоғамның ірі қоғамдық бірлестіктерінің 42 өкілінен, мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілінен теңдей жасақталмақ. Қоғам­ның белді үш саласының өкілдерінен құралып, өкілдік демократияның жарқын үлгісіне айналмақ. Ал кеңес төрағасын оның мүшелері сайлайды, оның қоғам­дық негізде жұмыс істеп, ротация арқы­лы тағайындалатын екі орынбасары, сон­дай-ақ хатшылық меңгерушісі бола­ды. Халық кеңесінің жоғары органы жы­лына ке­мін­де бір рет шақырылатын сессия болады.

Халық кеңесінің қызметіне келер болсақ, қазір бұл мәселе Конституциялық реформалар жөніндегі мемлекеттік комис­­сияның талқылауынан өтуде. Се­бе­бі Халық кеңесінің мәртебесі мен құры­лу тәртібі Ата Заңның арнайы бөлі­мімен және конституциялық заңмен реттеледі.

Аталған комиссияның 3-ші отыры­сында әлем елдеріндегі консуль­тативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын Халық кеңесі қызметінің үш негізгі бағытын ел Конституциясында бекіту ұсынылуда:

1. Кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыт­тары, қоғамдық келісім, бірлік және ынты­мақтастық мәселелері, сондай-ақ базалық қағидаттар мен жалпыұлттық құнды­лықтарды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтін болады;

2. Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізу құқығына ие болады, бұл қоғамдық сауалға нақты заңнамалық нормаларда көрініс табуға мүмкіндік береді;

3. Кеңес кең қоғамдық заңдылықты және азаматтардың тікелей қатысуын талап ететін мәселелер бойынша шешім қабылдау құралы ретінде республикалық референдум өткізу туралы бастама көтере алады.

Көріп отырғанымыздай, Халық кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы берілуге тиіс деген Мемлекет басшысының ұсынысы ескерілген. Бұл шынында оның саяси-құқықтық мәр­тебесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз, яғни, өкілдік демократия жағдайындағы қоғамдық диалог алаңы ретінде туындайтын Қазақстанның Халық кеңесі ел халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болмақ.

Конституциялық реформалар жөнін­дегі комиссия қазақстандық қоғам­дық пікірді барынша ескеріп, ұсынылған пікір­лерді мұқият талдап, барша түзетулерді жан-жақты қарады. Жаңа түзетулер Конституцияның барлық бөлімі мен 77 бабын, жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтыған. Бұл жаңадан Конс­титуция әзірлеумен тең деген сөз. Сондықтан комиссия мүшелері Қазақ­станның жаңа Ата Заңын қабылдау мәсе­лесін алға тартып, нәтижесінде мазмұны Преамбула, 11 бөлім және 95 баптан тұратын оның алғашқы жобасын жариялады.

Жаңа Конституцияның жобасынан еліміз үшін аса маңызды бұл басты құжаттың әрбір бабы уақыт талабы мен қоғамның сұраныстарына жауап беретіндей тұжырымдалғаны анық байқалады. Соңғы кездері әлемдік саясатта тұрақсыздық пайда болып, ірі державалар тарапынан халықаралық құқық нормаларының аяққа тапталуы, егеменді елдердің ішкі істеріне қол сұғылуы, тәуел­сіз мемлекеттердің территориялық тұтас­тығының бұзылуы сияқты іс-әрекеттер жиі орын алуда. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті БҰҰ ұйымының дәрменсіздігі мен жұмы­сындағы кемші­ліктерін әлде­не­ше рет атап көрсетіп, сынға алғаны белгілі.

Қазіргі әлемнің түкпір-түкпірінде соғыс пен төңкеріс көбейіп, саяси-экономикалық дағдарыстар тереңдеп жатқан алмағайып заманда көптеген елдер үшін тәуелсіздік мәселесі өзекті болып отырғаны ащы шындық. Сон­дықтан жаңа Конституциямызда еге­мендік пен тәуелсіздік, бірегейлік, аумақ­тық тұтастық бұлжымас құн­дылықтар санатына жатқы­зылып отыр. Ата Заңның Преамбуласында мың­жылдық тарихы бар Ұлы Даланың бай мұрасын сақтай отырып, мемлекетіміздің унитарлығы, шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған.

Жаһандық ауқымдағы демократия­лану үдерісіне сай адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені, заң мен тәртіп үстемдігі, бейбіт өмір мен халықтың ынтымақ-бірлігі, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде Ата Заңда құқықтық тұрғыда бекітілген.

Зайырлы және зияткер ел ретінде Қазақстан мәдениет пен білім, ғылым мен инновацияның құндылықтарын бағдарға ала отырып дамитыны нақты айқындалған. Қоршаған ортаға антро­погендік және техногендік әсер етудің салдарынан жаһандық жылыну, климат ауысу, су тапшылығы, шөлейттену сияқ­ты сан алуан экологиялық апаттар туындап жатқаны қаперге алына отырып, жаңа Консти­туциямызда табиғатты аялау қажеттігі ерекше мойындалған. Мұның барлығы – біздің келешек ұрпақ алдындағы жауапкер­шілігімізді арт­тыратын қағидаттар.

Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені бекітілген. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл – мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азамат­тардың жетістік­терімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.

Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдар­лануы. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған. Дін мен мем­лекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады.

Қазіргі қолданыстағы конституция­мыз Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде мемле­кеттілігін қалыптастыру мен нығайтуда өзінің тарихи миссиясын орын­дап шықты. «Елу жылда ел жаңа» дейтін халық даналығына сәйкес, демократиялық рефор­маларды қар­қынды жүзеге асырып, саяси жаңғырып жатқан Жаңа, Әділетті Қазақстан үшін тың идеялар мен нақты өзгерістерге құқықтық негіз жасайтын, қазіргі саяси шынайылыққа жауап беретін жаңа Конституция қажеттігі анық.

Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпы­ұлттық референдумда қабылдағаннан кейін заман талабына сай келетін Ата Заң Отанымыздың одан әрі қарыштап дамуына ерекше серпін береріне сеніміміз мол.

 Пірімбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

саяси ғылымдар кандидаты, профессор

әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

«Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры