Саяжай тұрғындарымен кездесті

485

0

Бүгін аймақ басшының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет және қала әкімі Асылбек Шаменов құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшыларымен бірге қала іргесіндегі «ПМК-29», «ПМК-66» саяжайларының тұрғындарымен кездесті.

«ПМК-29» – «Электромонтажник», «Мелиоратор», «Самал-2», «Аэрофлот», «Сантехник» саяжайларынан құралған. Ресми есеп бойынша мұнда 2000-ға жуық халық тұрады. Қоғамдық көлік бекітілген кестеге сәйкес аптасына 3 рет қатынайды. Саяжайлықтар жолаушылар тасымалын күнделікті режимге ауыстыруды сұрауда. Мәселеге орай, «Автобус паркі» ЖШС басшылығына кестеге өзгерістер енгізу тапсырылды.

Саяжайда электр желілерінің тозығы жеткен. Салдарынан қыс мезгілінде тұрғындардың тұрмыстық техникалары істен шығып қалады. Бұл жағдайға байланысты «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесі зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қолға алады.

Тұрғындарды толғандырған түйткілдің бірі – саяжай аумағындағы «Иіркөл» жасанды көлінің жеке кәсіпкерге 49 жылға жалға берілуі. Көл иесі аумақты қоршап, арнайы су өткізгіш құрылғы орнатқан. Соның салдарынан саяжай халқы балық аулап, бау-бақшасына аяқ су жеткізе алмайды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы көл айналасындағы дауға байланысты заңдылығын қарау үшін құқық қорғау органдарына тапсырма берді.

Сонымен қатар, «ПМК-29» саяжайын қаламен байланыстыратын аралықтағы жолды жөндеуге қатысты нақты шаралар қарастырылатындығы айтылды.

Ал, «ПМК-66» саяжайының 250-ге жуық тұрғыны сапалы жол салып, ауыз су желісін тартуды сұрайды. Қала әкімі Асылбек Шаменов жол мен ауыз судың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, түнгі жарықтандыру жоспарға енгізілетіндігін жеткізді.

Дәл осындай кездесулер облыс көлемі бойынша тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<