Саяжай тұрғындарына берілген уәде орындалды

45

0

Жақында қала әкімі Нұржан Ахатов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала іргесіндегі «Ягодка» және «Пищевик» саяжайларының тұрғындарымен кездесіп,  олардың талап-тілегін тыңдаған болатын.

Онда басты көшелерге тас төсеу, аялдама мен жарық бағаналарын орнату, тал бұтақтарын кесу және жол белгілерін қою мәселелері көтерілген еді. Қала әкімі бұл түйткілдерге салғырт қарауға болмайтынын айтып, жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеген.

Қазір қос саяжайда қызу жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі ірі жол салушы мекеме – «УАД» ЖШС-ның демеушілігімен ұзындығы екі шақырымдық негізгі көшеге тас төсеу жұмыстары басталып кетті. Ал қаланың коммуналдық мекемелері тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, ағаштарды кесіп, жарық бағаналары мен үш аялдама орнатты.

– Тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, демеушілік есебінен екі шақырым жол жөнделді. Көше тегістеліп, тас төселді. Қажетті деп танылған жердің барлығы жарықтандырылды.  Электр желісі нашар тұстардың бағаналары ауыстырылды. Қоғамдық көлік күтетін аялдамалар қойылды, жол белгілері орнатылды. Алда әлі атқарылар іс көп, –деді қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов.

Қала іргесінде орналасқан саяжайларда жыл өткен сайын халық саны артып келеді. Тұрғындардың негізгі мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Көшелер ретке келтіріліп, жарықтандырылуда. Тұрғындарды қаламен байланыстыратын қоғамдық көліктер үздіксіз қатынайды.

Саяжайларға қатысты жағымды жаңалық. Келер жылы Қызылорда қаласының бас жоспары қайта бекітіледі. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, бас жоспарға қала аумағындағы саяжайлар енгізіледі. Осылайша заңды мәртебесін иеленетін саяжайларға инфрақұрылым жүргізіледі.

Кейінгі жылдары саяжай және бау-бақша шаруашылықтарын одан әрі дамыту туралы  мәселе жиі көтеріліп жүр. Аумағы кеңейіп, ондағы түйткілдер назарға алынып, ауқымды істер атқарылуда. Енді заңды мәртебесін алса, онда қызу тіршілік басталатыны сөзсіз. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<