Саяжайда балабақша ашылды

679

0

Қызылорда. Тасбөгет кентіне қарасты «Сабалақ» саяжайы аумағынан ашылған жеке балабақшаның тұсаукесер рәсімі өтті.

«Айбибі» бөбекжай-балабақшасының ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова, кент әкімі Семсер Сыздықов, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева мен кенттің және саяжайдың ардагерлері, белсенді азаматтары қатысты. Мекеме ұжымын, тәрбиеленушілер мен ата-аналарын қуанышты сәттерімен құттықтаған қонақтар бүлдіршіндердің шығармалары мен қызықты ойындарын тамашалап, үздік өнер көрсеткендерге сыйлықтар табыс етті.

Айта кету керек, «Айбибі» бөбекжай-балабақшасы 50 баланы тәрбиелеуге арналған. 17 мамырдан бастап жұмысына кірісіп, саяжайдағы мектепке дейінгі жастағы балаларды қамтиды.

Балалар ойын-сауық орталығы

Арал. «Балалар жылы» аясында аудан орталығында «Зере» балалар ойын-сауық орталығы ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі С.Сермағамбетов қатысып, жылы лебізін жеткізді. Одан соң аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, білім беру саласының ардагері Н.Оспанов сөз алып, жаңа орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Атап өтейік, жеке кәсіпкер Ернұр Маратұлы ойын орталығын ашу үшін «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы 35 млн теңге несие алған. Орталық балалардың уақытын қызықты да көңілді өткізуіне арналған батутты аймақ, лабиринттер, ойын кешендері мен әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш сынды заманауи үлгідегі ойын құрылғыларымен жабдықталған.

Жас ақындар айтысы

Қазалы. Жібек сөзден жыр кесте тоқыған халық ақыны Ібайдулла Қалниязов атындағы облыстық жас ақындар айтысы өтті.

Майдакөл ауылындағы орталық алаңда «Жақұт жырдың шайыры» атты ақындар айтысына Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандарынан келген жас ақындар қатысты.

Жас ақындар айтысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз зергерлеріне сәттілік тіледі. Талай таланттың томағасын сыпырып, айтыс өнеріне баулып жүрген ардақты азамат, Майдакөл ауылдық клубының меңгерушісі Ермекбай Ағырай айтысқа қатысушы талапкерлерге игі тілегін арнады.

«Заңсыз келуші-2022»

Қармақшы. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 27 маусым мен 4 шілде аралығында аудан аумағында «Заңсыз келуші-2022» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізеді.

Онда шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу және шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Заңсыз көші-қонды ескерту, жолын кесу, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібінің бұзылмауы түсіндіріледі.

Судың да сұрауы бар

Жалағаш. Өткен сенбіде әлеуметтік желіде аудан әкімі жергілікті халыққа Үндеу жариялады. Мазмұны судың да сұрауы барын қаперге салып тұр. Мәселен, аудан халқы қыс айларында күніне 1500 текше метр ауызсу тұтынса, күзде 1800 текше метр жалағаштықтарға жетеді екен. Ал жазда жергілікті тұрғындар күніне 5 мыңға дейін ауызсу пайдаланып отыр.

– Жалағаштықтардың әлі 30 %-і су есептегіш құралынсыз ауызсу тұтынып отыр. Түсіндірме жұмыстары жүргізілмейді емес, жүргізіледі. Бірақ нәтиже жоқ, – дейді Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы мекемесінің басшысы Мұрат Елеусінов.

Ол Дәуімбай елді мекенінде тағы бір ауызсу жүйесі салынып жатқанын айтады. Су қоймасының сыйымдылығы – 1200 текше метр. Ол күзде ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Шетелдік инвесторлармен кездесті

Сырдария. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аграрлық саладағы шетел инвесторларымен кездесті.

Украина ұлттық аграрлық ғылымдар академиясы күріш инстутының директоры Владимир Дудченко және аталған институттың күрішті зерттеу шаруашылығы бойынша директоры Андрей Борейко өңірге аграрлық саланы әртараптандыру бағыты бойынша арнайы ұсыныспен келген. Шетелдік ғалымдар бидай мен соя, жүгері, жоңышқа секілді дақылдарды егуді қолға алмақ. Сонымен қатар суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайтып, биыл сынама ретінде 400 гектар алқапқа күздік бидай орналастыруға ұсыныс білдірді. 

Шетелдік инвесторлар бүгінде «Жетікөл жері» шаруашылығымен серіктестік орнатып, аграрлы аймақтағы жаңа бастамаларды қолға алған.

Кәсіпкерлердің көшпелі отырысы

Шиелі. Ауданда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесі бойынша облыстық прокуратура мен облыстық кәсіпкерлер палатасының бірлескен көшпелі отырысы өтті.

Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер ешкі сүтінің өнімдерін өндіретін цех ашу, тас тасымалдау барысында теміржол көлігінің (вагон) тапшылығы, жайылымдық жер мәселелері, кәсіпкерлер жобаларын сүйемелдеу бойынша көмек көрсету, субсидия алудың талаптары, коммуналдық қызмет мәселелері талқыланды.

Шахмат турнирі

Жаңақорған. «Ордакент» ардагерлер үйі және жастар ресурстық орталығында медицина саласының қызметкері Жан Ильясұлы Аймишевті еске алуға арналған шахматтан ардагерлер және жасөспірімдер арасында аудандық турнир өтті.

Жарысты аудандық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. Турнирге кент және ауылдық округтерден 40-қа жуық спортшы қатысты.

Жарыс қорытындысымен Кенже Санат, Диас Есмаханбет пен Алмат Алтайбай жеңімпаз болды. Ал қыздар арасында 1, 2 және 3 орын жаңақорғандық Кәусар Сейтжан мен Азима Ұржан, Нұрсезім Серғалиеваға бұйырды. Ардагерлер арасында 1 орынды шиелілік Айдарбек Аманқұл, 2 орынды түгіскендік Әбутәліп Қазыбеков, ал 3 орынды Қыркеңсе ауылынан Нұржан Боженов иеленді.

Жеңімпаздарға аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталары,           демеушілердің тағайындаған бағалы сыйлықтары табысталды.

Дайындаған:

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<