Елімізде саяси науқан жүріп жатыр, яғни, Президент сайлауына санаулы күндер қалды. Саяси көзқарасы бар кез келген азаматты бей-жай қалдырмайтын сайлау тақырыбы бүгінде түрлі баспасөз бетінде, телехабарларда жан-жақты талқыланып жатыр. Соның бір көрінісі, «Болашақ» университеті базасында «Президент сайлауы: 7 жылдық мандат» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті.
Отырыс «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов модераторлық жасап, бүгінде қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан сайлау тақырыбының шын мәнісінде маңызды екенін атап өтті. Еліміздегі ішкі және сыртқы геосаяси факторлар, сонымен қатар, әлемде қалыптасып отырған экономикалық дағдарыс мәселелерін дұрыс шеше білу болашақ Президенттің құзырындағы ең басты міндет екенін айтты.
Сұхбат алаңында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Серікқазы Какыбаланов өз пікірін былайша жеткізді:
– Ел тарихында жетінші рет өткелі отырған Президент сайлауы, оның ішінде жалпы конституциялық өзгерістерге байланысты жетіжылдық мерзімнің таңдалуын көпшілік жете түсінбей отырғаны рас. Оның мәнісі қазір көршілес елдерде геосаяси жағдай тұрақсыз болып тұр. Экономикалық әлеуеті төмендеп кетті. Бұл жағдай олардың тауарына тәуелді болғандықтан, бізге де өзіндік ықпалын тигізді. Сондықтан сайлауды дер кезінде өткізіп, етек-жеңімізді жинап, алдағы туындайтын мәселелерге тас-түйін дайын болуымыз керек, – дейді.
Философия ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Баймырза Қожамберлиев алдағы сайлау нәтижесінде Парламентті қайта сайлау, сондай-ақ, еліміздің саяси-экономикалық және рухани әлеуетін дамытуда көптеген реформа жасалуы қажет екенін айтты. Ең бастысы, халықтың сеніміне лайық билік жүйесі қалыптасуы өте маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев сайлау нәтижесінде халықтың қалауы әділ сот жүйесі, рушылдық, жершілдік сияқты мәселелерден арылтып, әлеуметтік мәселелерді терең талдап, бастысы, елде саяси тұрақтылықтың орнауы екенін айтты.
Ал «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты директоры, саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор Мұрат Насимов сайлау мәселесінде Президент мандатына байланысты халықаралық тәжірибелерде жасалған аналитикалық талдау көрсеткішін тарқатып түсіндірді.
– Сайлаудан кейін көп мәселе өзгеруі тиіс. Ең бастысы, Президент билікке қалай әсер етеді деген сауалға келсек, мемлекеттік саясаттың фиксациялық бағдары айқындалатын болады. Елде жаңа саяси тәртіп қалыптасуы тиіс. Заң шығарушы билік пен атқарушы биліктің арасында ынтымақтастық орнайды. Жаңа элитаның ауысуы жеңілдейді. Қорыта айтқанда, бұл сайлау елімізде жаңа саяси дәстүрлерді қалыптастырады деп ойлаймын. Оны уақыт көрсетеді, – дейді ол.
Қоғамдық саяси мәселелерде өзіндік көзқарасы бар Еркебұлан Елеуов, Бауыржан Үсенбаев, Әлібек Жаппасбаев, Дәурен Сейітжанов сынды азаматтар ой-пікірлерін ортаға салып, болашақ билік тарапынан әділетті, зайырлы, демократиялық ұстанымдарға сай жаңа саяси қадамдар күтетінін айтты.
Жиын қатысушылары Жаңа Қазақстанның саяси жүйесіндегі өзгерістерді талқылап, бұл өзгерістер елдің саяси жүйесіне қалай әсер ететініне қатысты өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып жүрген жастар көкейдегі сауалдарына нақты жауап алды.
Жалпы сұхбат алаңында саясаттанушылар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам белсенділері жиын тақырыбы бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов қатысты.
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<