Сайлау құжаттарының нысандары белгіленді

428

0

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа саяси партиялардың, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, ішкі істер және әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Отырыста 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы, Президенттікке кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру туралы мәселелер қаралды.

Сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.

Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР КЗ сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауын өткізу бойынша сайлау құжаттарының 18 нысанын дайындағанын хабарлады:

– кандидатты ұсыну бойынша құжаттар;

– аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктері шеңберінде қабылданатын құжаттар;

– учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктері шеңберінде қабылданатын құжаттар;

– сайлау құжаттарының басқа нысандары.

Президенттікке кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Президенттікке кандидаттар ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмесімен ресімделеді.

Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органының шешімі:

1) Президенттікке кандидаттың назарына жеткізіледі;

2) Президенттікке кандидаттың дауысқа түсуге келісуі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады.

Республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы хаттамасының үзінді көшірмесінде республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы саны және кандидатты ұсыну туралы дауыстарды қолдау туралы мәліметтер болуға тиіс.

Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген өкілеттіктерге сәйкес, ҚР ОСК президенттікке кандидаттың Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР КЗ қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы хаттама қабылдайды.

Аумақтық сайлау комиссияларының функцияларына қатысты бірқатар құжаттар әзірленді.

Бұдан басқа, мынадай сайлау құжаттарының нысандары әзірленді: сайлаушылар тізімі; Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін сайлаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парағының нысаны; кандидаттың куәлігі; сенім білдірілген адамның куәлігі; шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушы куәлігі.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Шавкат Өтемісов баяндады. Ол Конституцияға және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР КЗ сәйкес Президенттікке кандидат болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы Президентікке үміткер бола алатынын хабарлады. Президент болып сайлану үшiн азамат мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға, сондай-ақ белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам да Президенттікке үміткер бола алмайды.

Президенттiкке кандидаттың қойылатын талаптарға сәйкестiгiн Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде айқындайды.

Кандидаттың сайлауға түсуге келісімі туралы өтінішінің нысаны Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітіледі. Өтінішке жеке нысан бойынша өмірбаяндық деректер, мемлекеттік қызметтегі немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер, сайлау жарнасын енгізу туралы құжат қоса беріледі.

Президенттікке кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.

Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген құжаттар келіп түскен кезден бастап уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу сұрау салулар жібереді. Көрсетілген мемлекеттік органдардың сұрау салуларды қарау және Орталық сайлау комиссиясына мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу келіп түскен күннен бастап күнтізбелік екі күн.

Өкілетті органдардан тиісті мәліметтер түскеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін орнату туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген нысандағы хаттаманы құрайды.   

Орталық сайлау комиссиясының хаттамасында кандидаттың лингвистикалық комиссияның мемлекеттік тілді меңгергені туралы қорытындысын қоса алғандағы, қолданыстағы заңнамаға сәйкес келетіні немесе келмейтіні белгіленеді.

***

Кеше өткен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Президент сайлауында мүгедек азаматтардың дауыс беруін қамтамасыз ету туралы Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында да мүгедек азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нормалар бар екенін хабарлады. Ортсайлаукомның 2018 жылғы қаулысы мүгедек жандардың сайлау құқықтарын іске асыру жөніндегі ұсынымдарды бекітті. 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы отырыстары трансляциясы мен ақпараттық бейнематериалдары сурдоаудармамен қамтамасыз етіледі. Орталық сайлау комиссиясының сайтында «Мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқықтары» бөлімі жұмыс жасайды.

2017 жылдан бастап БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясын іске асыру мақсатында Ортсайлауком жанында мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі Жұмыс тобы жұмыс істейді. Жұмыс тобының 19 мүшесінің 17-сі мүгедек жандардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері болып табылады, олар – 11 облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың өкілдері.

Баяндама аясында сайлау науқаны кезінде мүгедек азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов қол қою парақтарын дайындау, беру мерзімдері, сондай-ақ сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану туралы сөз сөйледі.

Ол «ҚР сайлау туралы» Заңына сәйкес Президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды сенім білдірілген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституциямен және «ҚР сайлау туралы» Заңында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруден кейін бес күн мерзімнен кешіктірмей ҚР ОСК беретін қол қою парақтарымен ресімделетінін хабарлады.

Президенттiкке кандидатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр процентi қолдауға тиiс. Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының бірыңғай электрондық тізіліміне сәйкес 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республика сайлаушыларының жалпы саны 11 млн 827 мың 277 адамды құрайды. Осылайша, Президенттікке үміткерді кемінде 118 мың 273 сайлаушы қолдауы керек.

«ҚР сайлау туралы» Заңына және ОСК қаулысына сәйкес қол қою парағының үлгісі бекітілді. Әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болады және сайлаушылардың қолдарын жинауға арналған 20 жолдан тұрады.

Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс, қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, саяси мемлекеттік қызметші лауазымындағы адам болмауға тиіс. Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға тиісті куәліктер береді. Қол жинаушы адам қол жинаған кезде тиiстi қол қоятын парақта жеке қолы қойылған кандидаттың сенiм бiлдiрген адамының тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетуге тиiс. Қол жинауды жүргізетін адам қол қою парағына міндетті түрде өзінің қолын қояды.

Президенттікке кандидатты қолдауға қол жинау жөніндегі толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол 10 күн мерзімде паспорт қызметті қызметкерлерін тарта отырып, қойылған қолдардың дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады, Президенттікке кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру нәтижелері туралы тиісті хаттаманы ресімдейді және оны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.

Ортсайлауком отырысында қабылданған қаулыда қол қою парақтарын беру және Президенттікке кандидатты қолдауға қойылған қолдардың растығын тексеру мерзімдерін қысқарту көзделген. Бұл шара Президенттікке кандидатты қолдауға қол жинау үшін сайлау процесіне қатысушылардың уақытын ұлғайту мақсатында қол қою парақтарын беруді ұйымдастыру және қолдардың растығын тексеру рәсімдері бойынша мерзімдерді қысқарту үшін ұсынылды.

Мәселен, ҚР ОСК қаулысына сәйкес Президенттікке кандидатты қолдауға қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтары оның Конституция мен Конституциялық заңмен белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде беріледі. Аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидатты қолдайтын қолдардың растығын тексеру мерзімі де күнтізбелік 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.

Сайлаушылардың қою парақтарында қойған қолдары келесі себептермен жалған болып танылады:

1) қол қою парағына сай сайлаушының деректері толық болмаған;

2) қарындашпен қойылған;

3) түзету немесе өзге де бұрмалау іздері бар;

4) сайлаушы атынан басқа адамдар қойған;

5) нақты кандидат үшін қол қою парақтарында бір адам бір реттен артық қойған;

6) бір адам бірнеше адам үшін қойған;

7) қайтыс болған адамдар үшін қойған;

8) белсенді сайлау құқығы жоқ адам қойған;

9) өзі қойған қолын кері қайтарып алушы сайлаушының жазбаша өтініші болған кезде сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану ұсынылсын.

Аумақтық сайлау комиссиясы, егер қол заңнама талаптарын бұза отырып алынғаны анықталатын өзге жағдайларда да сайлаушының қолын жалған деп тануы мүмкін.

Н.Әбдіров отырыс соңында «Президенттікке кандидаттарға қол қою парақтарын беру мерзімдерін қысқартуға келетін болсақ, біз сайлау заңнамасының негізінде Президенттікке кандидаттарға қол қою парақтарын беру мерзімін екі еседен астамға – бес күннен екі күнге дейін қысқартқанымызды тағы да атап өткім келеді. Бұдан басқа, аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидатты қолдауға қойылған қолдардың растығын тексеру мерзімі оннан бес күнге дейін қысқартылды. Біздің тарапымыздан кандидаттарға сайлау рәсімдеріне бөлінген мерзімдерді қысқарту арқылы қол жинауға көбірек уақыт беріледі. Осыған байланысты сайлау комиссиялары белгіленген мерзімдерді қатаң басшылыққа алуы қажет», – деп атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<