Сайлау сәтті өтті

483

0

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлау науқанына Сыр өңірі белсенді атсалысты. Дауыс беру басталғаннан сәттен бастап қала мен аудан тұрғындары қарап қалмады. Сырдария ауданының жұртшылығы да таңғы 7:00-ден бастап белгіленген учаскелер алдында кезекке тұрды. Сайлау науқаны кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасты.

Ауданға қарасты Ақжарма ауылдық округіндегі №162 сайлау учаскесінде халықтың көңіл-күйін көтеру үшін «Бауырсақ party» ұйымдастырылды. Мұндай іс-шара Шаған ауылындағы № 163, №164 сайлау учаскелерінде де орын алды. Тұрғындардың көңіл-күйі көтеріліп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. 

Сонымен қатар Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Алмагүл Бақтиярова мен мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин дауыс берді.
Сайлауда сырдариялық жастар ерекше белсенділік танытты. 

«Біз бар білімімізбен еліміздің өркендеуіне ат салысып, ерен еңбек етіп, туған жеріміздің Әділетті Қазақстан құрылуы жолында ерінбей еңбек ететін боламыз», – деп ұрандатты аудан жастары.

Ауданның белсенді жасы Ерсұлтан Шәден сайлауға алғаш рет қатысты.

– Бүгінгі саяси науқанда еліміздің жарқын болашағы үшін алғаш рет дауысымды беріп, №169 сайлау учаскесінде өз таңдауымды жасадым. Әрбір патриот өз елінің болашағына жауапты. Сайлауға қатысу мен үшін үлкен жауапкершілік. Алға қойған мақсатыма қол жеткізу үшін, жарқын болашақ үшін дауыс бердім, – деді сырдариялық белсенді жас Шәден Ерсұлтан. 

Сондай-ақ, Тереңөзек кентінде ерекше есім иесі сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. 82 жастағы кент тұрғыны Вашингтон Дүйсекенов кезектен тыс ҚР Президентінің сайлауында көпшілікке ақ батасын берді. Ел игілі жолында өткізіліп отырған сайлаудың мән-мағынасын жастарға түсіндірді. 

Айта кетейік, Сырдария ауданында 18 сайлау учаскесі және 21615 сайлаушы бар.

Президенттің кезектен тыс сайлауында 18 жасқа толып жатқан, тепсе темір үзетін жас шабандоздар ауданға қарасты С.Сейфуллин ауылдық округінде жиналып, дүбірлі додада бас қосты. Олар тартысты қызу сайыс барысында №159 сайлау учаскесінің алдына салым тасталды. Осында дауыс беруге келген азаматтар ұлттық ойынды дәріптеп, дамытып жатқан жас шабандоздарға қаржылай сый-құрмет көрсетті.

Түстен кейін ауданда жылжымалы дауыс беру жәшігі мекен-жайларға жеткізілді.

Шаған ауылдық округіндегі №163 сайлау учаскесіне қарасты тұрғындар денсаулық жағдайына және де өзге де себептерге байланысты дауыс беруге арналған жәшіктің мекен-жайға жеткізілуін өтінген. Жылжымалы дауыс беру жәшігі тиісті мекен-жайларға уақытылы жеткізіліп, тұрғындар өз таңдауларын жасады. 

Ауданда әлем чемпионы өз таңдауын жасады. Биылғы жылы Испания мемлекеті Понтавердо қаласында Грэпплинг күресінен әлем чемпионы Нұрдаулет Карбозов өз таңдауын жасады.

Осы күні сүйінші жаңалық та қоса жетті. Айтулы күнде Сырдария ауданында қос сәби дүниеге келді. Аудандық аурухананың «Перзентхана» бөлімшесінде босанған қос ана бір ұл, бір қызды құшағына басты. Өз кезегінде «Перзентхана» бөлімшесіне арнайы барған дәрігерлер аналарды қуанышымен құттықтап, ерекше құрмет көрсетті.

Аудан тұрғыны Ердос Беркінбаев сырдариялықтардың сайлау науқанында белсенділік танытқанын жеткізді. 

– Маңызды саяси науқанда Сыр елі тағы да сыр бермеді. Осыған дейінгі сайлауларда да сырбойылықтар алдыңғы қатарда белсенділік танытқан еді. Бұл жолы да ел болашағына деген сенім зор екенін көрсетті. Сыр өңірі дауыс беру көрсеткіші бойынша екінші орында. Бұл ретте, сырдариялықтар да өте белсенді болды», – деді Ердос Беркінбаев.

Тағы бір жаңалық осынау айтулы күні Сыр елінде 43 сәби дүниеге келді. Нәрестелердің 27-сі ұл, 16-сы қыз бала. Оның айқын бір дәлелі Қазалы мен Жалағаш аудандарында Сайлаубай және Қасым-Жомарт есімді нәрестелердің дүниеге келуі. Айтулы күні өңіріміз туу көрсеткіші мен есім беруден өзге өңірлерден ерекшеленді. Жағымды жаңалықтарымыз көп болғай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<