Сайлау жүйесі − серпін мен сенім

776

0

Бүгін Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін өзекті мәселелерге тоқталды. Қаңтар оқиғасы, мемлекетке жасалған сатқындық туралы айтты. Бұл істе ашықтық пен әділдікті талап етті. Ішкі, сыртқы саясат, қауіпсіздік кеңінен сөз болды.

Барлық тәуелсіз мемлекет үшін сайлау қағидаттары маңызды. Президент елімізде электронды сайлау технологияларын енгізудің келешегі туралы пікір білдірді. «Cайлау үдерісін жаңғырту. Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі. Яғни, әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор», – деген Мемлекет басшысы соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге коронавирус індеті де әсер етіп жатқанын атап өтті. «Көптеген елдер дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни электронды, мерзімнен бұрын, қашықтан көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнан бөлек Мемлекет басшысы Сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаратынын ашық айтты. Жолдауда Президент сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі туралы айтты. «Императивті мандатқа көшуде депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы. Енді халық пен депутат арасындағы байланыс таразыланады. Сайлауға дейінгі бағдарламасы қаншалықты орындалды, елмен етене араласа алды ма осы мәселе сараланады. Президенттің бұл шешімін құптаймын. Себебі депуат халықтың ықыласымен сайланған адам. Бірінші кезекте елдің мұңына құлақ түруі тиіс еді. Президент аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түсетініне сенім білдірді. «Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек», – деді ол Жолдауда. Бұл өзгерістер мемлекетіміз үшін оң нәтижелер берері анық. Себебі сайлау комиссиясының, мәслихат хатшылығының жұмыстары жаңа бағытта қарқын алады. Жолдаудан маған ерекше әсер қалдырғаны елімізде жаңадан үш облыс құрылады. Бірінші: Абай облысы құрылады. Облыс орталығы – Семей қаласы болмақ. Екінші: Ұлытау облысы құрылады. Орталығы – Жезқазған қаласы болмақ. Үшінші: Жетісу облысы. Орталығы – Қапшағай қаласы болмақ. «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», − деді Мемлекет басшысы. Жас ұрпақ тарихты танып өссін десек, облыс атауларын өзгерту маңызды шешім.

«Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше «Жаңа Қазақстанды» бірге өркендетейік, ағайын. Қастерлі Отанымыздың тұрығы мығым, абыройы биік бола берсін!»,− деді Қ. Тоқаев. Елдің жарқын болашағы жолында Мемлекет басшысына болысып, елмен бірге етене еңбек етуге қашанда әзірміз. Халқымыз аман, болашағы жарқсын болғай!

Нұридин АМИТОВ,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<