ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикалық штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиынға министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бағдарламаны орындау бойынша арнайы Жол картасы әзірленгенін хабарлап, жобасын бекітуге ұсынды. Жол картасы үш негізгі бағыт бойынша жасақталған 117 тармақтан құралған, оны іске асыруды қадағалау цифрлық форматта жүргізілмек.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сайлауалды бағдарлама бойынша жұмыс істеу арнайы терезе (дашборд) негізінде жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Ведомство басшысы дашборд арқылы бағдарламаны орындау нәтижелері енгізіліп, артық қағазбастылыққа жол берілмейтінін алға тартты.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы алдағы 7 жылда негізгі жұмыс істеу құжаты болатынын айтып, оны орындау бойынша алғашқы есеп келер жылдың сәуір айында енгізілетінін ескертті.
Штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде арнайы жол картасы бекітілгенін атап өтті.
«Президенттің сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі уақытылы орындау – біздің басты міндетіміз. Бағдарламада көрсетілген ауылдың өмір-тұрмысын жақсарту, әлеуметтік маңызды жобаларды қолға алу – кезек күттірмейтін мәселе, сондықтан оны іске асыруға барынша атсалысуымыз қажет», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<