Сала жұмысы тың  жаңалықтармен толықты

544

0

Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесіп, салада жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Бүгінде облыс көлемінде 410 мәдениет, өнер, архив және 41 спорт мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Биыл  2 мәдениет нысаны және 6 спорт кешені пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 3 мәдениет нысаны және 5 спорт кешені іске қосылады.

– Жылдың айтулы жаңалықтарына тоқталар болсақ, аймақ басшысының бастамасымен отбасылық құндылықтарды нығайту, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру және заманауи қазақ анасының бейнесін қалыптастыруға бағытталған «Анаға тағзым» және Отбасы орталықтары пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, көпфункционалды 1000 орындық Өнер орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жаңа ғимаратты жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді М.Қазбекова.

Облыстың 85 жылдығына орай мәдени, танымдық іс-шаралардың барлығы мерейтойға бағытталды. Осы орайда жас таланттарды табу, өнер әлеміне жаңа есімдерді шығару мақсатында халықаралық, республикалық, аймақтық және облыстық байқау-фестивальдер, жыр мүшәйралары, ақындар айтысы ұйымдастырылды. Өзге өңірлерде және шет мемлекеттерде өткен халықаралық, республикалық конкурстарда 60-тай өнерпаз бас жүлдені жеңіп алса, 88-і жүлделі орын иеленді.

Биыл тұңғыш рет композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К.Дүйсекеев атындағы «Туған жер» деп аталатын І халықаралық әншілер конкурсы ұйымдастырылды. Ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Ұлт руханияты және Темірбек Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жыр мүшәйра, облыстық тарихи-өлкетану музейі және «АЛЖИР» музейінің бірлесуімен «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты дөңгелек үстел өтіп, қайраткердің қазақ тарихындағы орны тың деректермен айшықталды. Ақын, жырау Ж.Қадірбергенұлының 150 жылдығына арналған «Қара өлеңнің шебері – Қаңлы Жүсіп» атты республикалық ақындар айтысы, сондай-ақ, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-өнер фестивалі биыл алтыншы рет өткізілді. Фестивальге шет елдерден және елімізден 200-ге жуық өнерпаз қатысты.

Басқарма басшысының айтуынша, биылдан бастап аймақ басшысының қолдауымен облыстың мәдениет саласындағы 10 маман шетелдерде біліктілігін арттыра бастады. Осы орайда облыстық филармония солистері Италияның Анкона қаласындағы Озимо опера академиясында тәжірибе алмасса, театр, филормония және халық шығармашылығы орталығының шығармашылық және техникалық мамандары шеберлік дәрісіне қатысу үшін Беларусь республикасының Витебск қаласына іссапарға шықты.

Араға 17 жыл салып, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласында гастрольдік сапары ұйымдастырылды. Шығармашылық сапар аясында театр репертуарындағы 4 үздік қойылым алматылық көрермендерге ұсынылып, лайықты бағасын алды. Тағы бір айта кетерлік жайт, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдауға арналған «Арман» инклюзивті театры іске қосылды. Сонымен қатар бұған дейін қала әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылды.

– Өңірде классикалық өнерді дамыту, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін облыстық филармонияда кәсіби музыканттардан құрылған симфония оркестрі жұмысын бастады. Биыл 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған арнайы «Тұран» сыйлығы табысталып, облыс мәдениет ұйымдарындағы 8 өнер ұжымына 40 домбыра берілді. Ақындыққа бейімі бар балаларды айтыс өнеріне баулу мақсатында өңірімізде тұңғыш рет балалар мен жасөспірімдер арасында «Айтыс олимпиадасы» өткізілді. Сонымен қатар республикада тұңғыш рет Сырдың жас ақындарының Алматыдағы поэзия күндері өтті, – деді басқарма басшысы. 

Облыстың 85 жылдығына орай тарихи деректердің көшірмесін алу үшін облыстық архив қызметкерлері Ресей Федерациясы Орынбор біріккен мемлекеттік архивінде зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы облыс тарихына қатысты құжаттардың 2000 парақтан аса көшірмесі алынды. Бұл құжаттар толық зерделеніп, заңнама талаптарына сәйкес жалпы жұртшылық назарына ұсынылады.

Ерекше атап өтер жаңалық, биыл Сыр өңірінде жылдар бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалды. Жуырда ресми таныстырылымы өткізіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Сыр елі» энциклопедиясы, «Сыр елінің тарихы» кітабы, «Қызылорда облысы: 1938-2023» кітап-альбомы әзірленді.

Спорт саласына келсек, өңірде 1322 бұқаралық спорт шарасы ұйымдастырылып, оған 123 мыңнан астам адам қатысқан. Білікті спортшылар мен спорт резервтерін дайындау мақсатында ҚР чемпионаттары,  халықаралық, республикалық, облыстық біріншіліктер өткізілген.

Спортшылар еліміздің өзге өңірлері мен шет елдерде өткен жарыстардың, оның ішінде Әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпазы атанған.

Биылғы жылдың басты жаңалығы, Қытайда өткен Азия ойындарына 25 спортшы 13 спорт түрінен қатысып, нәтижесінде дзюдодан 3 қола, стенд атудан 1 қола, каратэден 1 күміс және бокстан 1 күміс жүлде иеленді. Бұл – облыс спортындағы рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ осы елде өткен Пара Азия ойындарына 8 спортшы қатысып, дзюдодан 1 алтын,  волейболдан 2 күміс медаль қанжығалады. Мажарстан мемлекетінде каратэден (WKF) өткен Әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай Қазақстан тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатты. Ал «Қайсар» футбол клубы биыл Премьер-Лига командалары арасындағы ҚР чемпионатына қатысып, нәтижесінде турнирлік кестеде 6-орынға тұрақтаған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<