Қызылорда қаласындағы Достық үйінде облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Онда үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселеде, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қорытындылары мен даму келешегі және әлеуметтік мәселелерді қорғау мекемелері басшыларының есебі тыңдалды. Бұл туралы “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары А.Сәрсенбаев хабарлама жасады. Оның айтуынша, бүгінде БЖЗҚ-ның 18 филиалы мен 218 қызмет көрсету кеңсесі бар, оның ішінде облыс бойынша 9 қызмет көрсету кеңсесі жұмыс жасайды. Өңірде 335 мыңнан аса шот, 270 млрд теңге салым бар. Зейнетақы қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында электронды сервистер, e-gov, ұялы қосымша, өз-өзіне қызмет көрсету терминалдарынан бөлек, сәуір айынан бастап мобильді кеңсе өз жұмысын бастаған. Сондай-ақ, “Қазпошта” АҚ бөлімшелері арқылы трансфер-агенттік қызмет көрсету де іске қосылған. Екінші мәселе бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Т.Жолымбетов сөз алып, 11 айдың қорытындысын баян етті.
Есепті мерзімде аймақтағы әлеуметтік төлем алушыларға 84,0 млрд теңге төленген. Медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша 11320 адамға “мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау” мемлекеттік қызметі көрсетіледі.
– Он бір айдың қорытындысына орай өңірде мүгедектікке шығудың төмендеуі байқалады. Осыған сәйкес, алғашқы мүгедектікке шығу интенсивтік көрсеткіші 10 мың халыққа шаққанда 28,1-ден 27,5-ке дейін азайған. Яғни биыл 2173 азаматтың мүгедектік тобы анықталып, оның ішінде 1700-не композиттік мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл алғашқы мүгедектікке шыққандардың 78,2 процентін құрайды. Мүгедектер тобы арасында екінші топтағылар – 49,6 %, үшінші топ 63,5 % болса, бірінші топ 13,9% көрсетіп отыр, – деді департамент басшысы.
Бүгінгі күні облыс бойынша жолаушылар тасымалдау саласында 211 автобус маршруты, облысаралық 12 автобус маршруты қызмет көрсетеді. Биыл шілде айынан бастап халықаралық «Қызылорда-Ташкент» маршруты ашылды. Сонымен қатар, 20 жұп жолаушылар пойызы, оның ішінде мемлекетаралық бағытта 7 жұп пойызы өтеді. Жолақы тарифтері басқа өңірлермен салыстырғанда ең төменгі деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы жиын барысында облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Д.Тілеуов хабарлады.
– Қазіргі таңда “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 жоба іске асырылуда. Оның бірі “Салтанат” ЖШС автовокзалында аудан, қала, облысаралық маршруттарға электронды түрде билеттер сатып алу жүйесін енгізу. Дәл осындай жүйені қаланың қоғамдық көліктеріне де енгізу ойластырылуда. Сондай-ақ, жаңа әуежай терминалының құрылысы жобасы да қолға алынбақ. Бұл жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында жүзеге асатын болады. Алдағы жылы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және көздеген жеріне тікелей жетуін қамтамасыз ету мақсатында Атырау, Алматы, Шымкент және Түркістан автобус бағыттарын ашу және автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту бағытында жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр, – деді Д.Тілеуов.
Шара соңында баяндамашыларға қоғамдық кеңес төрағасы С.Имандосов пен қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Оның ішінде билет тапшылығы, жолдардың тозған жерлеріне жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу, мүгедектікке өту тәртібі секілді мәселелер сөз етілді. Сондай-ақ, мереке қарсаңында пойыздарға қосымша вагон тіркеуге ұсыныс жасалды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<