Саланың жарқын жетістіктері

84

0

Дені сау адам –  мемлекеттің басты байлығы. Ұлт саулығын нығайтып, ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деп атап өткен болатын. Осы орайда елімізде, оның ішінде біздің өңірде де тұрғындар саулығын сақтау, аурудың алдын алу, саланың басты индикаторларының бірі – өмір сүру ұзақтығын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Оған кейінгі кезде салынып, бірінен кейін бірі ел игілігіне берілген зәулім де заманауи медициналық нысандар, сатып алынған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар,  өзге де жетістіктер жарқын мысал бола алады.

Мәселен, өткен жылы  денсаулық сақтау саласының бюджеті 146,2 млрд  теңгеге жетті. Сырдария өзенінің сол жағалауынан 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы бастау алса,  жылына 10 мың адамға қызмет көрсететін облыстық «Қан орталығының» құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық ауданында 27 медициналық нысан салынды. Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсекке арналған,   12 мыңнан астам халқы бар «Сексеуіл» кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана пайдалануға берілді.   Жаңақорған ауданында   «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының Баймұрат батыр елді мекенінде дәрігерлік амбулатория  ел игілігіне берілді.

Саладағы 9 нысанның күрделі жөндеуіне 2,2 млрд теңге бөлінді, 6 нысанның жылу жүйелері газға ауыстырылды.

Денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 4,6 млрд теңге бөлініп, жабдықталу деңгейі 87,1 пайызға көтерілді.

Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы 100 пайыз көлікпен қамтамасыз етілді. Кейінгі 2 жылда денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік беріліп, елді мекендердің сұранысы толық қанағаттандырылды.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өңірге бағыттаған қаржысына облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды.

Облыстық онкология орталығына 1 млрд 100 млн теңгенің скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешені берілді. Мұндай кешен республика бойынша 3 облыста ғана бар. Одан бөлек, көпбейінді облыстық ауруханасына оттегі станциясын сатып алуға, Жаңақорған ауруханасына ассенизатор автокөлігін алуға, балалар ауруханасының және фтизиопульмонология орталығының бу қазандығын жаңартуға, орталық емханаға  генератор алуға, медициналық колледждің кабинеттерін материалдық-техникалық жабдықтауға  және №6 қалалық емханаға сервер алуға  тиісті  қаржы қаралды.

Қызылорда облысы әкімдігінің, денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен облыстық перинаталдық орталыққа 19,5 млн теңгенiң анестезиялық-тыныс алу аппараты және 55,6 млн теңгеге үш операциялық шам сатып алынды. Бұл заманауи медициналық жабдықтар орталықта көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, күрделі операцияларды жоғары деңгейде жасауға, ана мен бала өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

Салаға қатысты жетістік тек бұл емес. Дәрігерлер білім жетілдіріп, күрделі ота жасап, тәжірибелерін арттырды. Жалпы аймақтың денсаулық сақтау саласында соны бастамалар, жақсы жаңалықтар, толайым табыстар жетерлік.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<