XXI ғасыр – ақпараттардың аса молдығы бойынша бұрын-соңды болмаған ғасыр. Біз балаларға денсаулықты сақтау, түрлі аурулардың алдын алу, салауатты өмір салты туралы көп айтып жүрміз. Бұл балалар денсаулығын сақтау, оның ішінде дене тәрбиесі, психологиялық тұрақтылықты арттыру, дұрыс тамақтану және көптеген басқа мәселелер бойынша маңызды жұмыстарды атқаруды мойынға жүктейді.
Дене тәрбиесі – тек мектептегі дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол мектептен тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі. Қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы дене тәрбиесінің жүйесі жастардың денсаулықтарын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, белсенділігі мен ізгілікті қатынастарын дамытуға бағытталған.
Мұндай іс-шаралар біздің оқу ошағында жиі өтеді. Оқушылар арасында үстел теннисінен Талапбек Бисеналиев, Айдәулет Қайырқұлов, шахматтан Ернұр Матығұлов аудан көлемінде танылып жүр. Аймақтық спартакиадада үстел теннисінен біздің команда жүлделі 2-орын иеленгенін зор мақтанышпен айтуға болады. Біз тек мектеп ішінде шектелмей, ауыл жастарын да бұқаралық спортқа баулып отырамыз. Ауған соғысының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған турнирде ауыл жастары волейболдан жүлделі 3-орынды иеленді. Бұл – біз үшін мақтаныш.
Дене тәрбиесі – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының бір тармағы. Жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны отансүйгіштікке дайындауға қызмет етеді. Дене тәрбиесін ұйымдастыру түрлері оқушының өз бетінше атқарған жұмыстарымен толықтырылған жағдайда нәтижелі болады.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында «Салауатты әрі гүлденген экономика құрмайынша, біз қуатты мемлекет пен қарулы күш құра алмаймыз, демографиялық, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шеше алмаймыз, әрбір адамның жеке басының қадір-қасиеті мен әл-ауқатын арттыра алмаймыз», – деген еді. Елбасының осы тұжырымы арқылы мұғалімдер ұжымы өз алдымыздағы қоғамдық міндеттің жауаптылығын сезініп келеміз.
Қорғанбай ЖИЕНБЕКОВ,
№76 орта мектебінің мұғалімі.
Арал ауданы,
Аққұлақ елді мекені.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<