Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте салық базасын ұлғайту мәселелері қаралды. Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне ескерту жасап, нақты тапсырмалар жүктеді.
– Өңірде тиімді салық саясатын жүргізу, облыстың қаржы қазанына түсімдердің толыққанды түсуін, тиімді жоспарлануын әрі игерілуін сапалы және нәтижелі ұйымдастыру – басты міндетіміз. Аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттерінің кіріс көзінің тиімді жоспарлануына, орындалуына жауапкершілікпен қарап, тұрақты бақылау жүргізілуі тиіс. Қала, аудандарда әрбір салық төлеуші бойынша талдау жасап, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырдым. Әкімдерге қалаға, өз аудандарына сырттан кәсіпкерлік субъектілерін салық төлеуші ретінде тіркеу бойынша тапсырма 2 апта бұрын берілді. Бұл жұмыстар әзірге тек Сырдария, Шиелі аудандарында жүргізілген. Өңірде салық базасын ұлғайтуға қосымша резервтер жеткілікті. Тек уәкілетті орган жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейтуі қажет, – деді аймақ басшысы.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов жергілікті бюджет кірістерінің алдағы жұмыс жоспары жайлы, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әділбек Бекішев жергілікті бюджеттің кірістерінің орындалуы туралы баяндама жасады. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Шамшидин Әмитов айыппұлдарды толығымен және уақытылы өндіруде қандай шаралар қабылданғанына тоқталды.
Басқосуда кәсіпкерлік нысандарынан түсетін салық көлемі, әкімшілік айыппұлдарды толығымен және уақытылы өндіру, жылжымайтын және жылжымалы мүлікті салық салу объектісі ретінде базаға тіркеу, инвестиция көлемін ұлғайту жолдары талқыланды. Бұл Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысының тікелей қатаң бақылауында болғандықтан, әрбір инвестициялық жобаны «қолмен басқарып», оны сүйемелдеп, туындаған мәселелерін заң аясында шешу қажет.
Мәжіліс қорытындысымен барлық деңгейдегі әкімдерге, жергілікті атқарушы, кірістер органдарына салық базасын кеңейту үшін нақты ұсыныстар әзірлеп, сырттан кәсіпкерлік субъектілерді тіркеуді тұрақты түрде жүргізу тапсырылды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, полиция, мемлекеттік кірістер департаменттері кәсіпкерлік нысандардың салықтық аударымдарын толық төлеуін қадағалауы тиіс. Ал салалық басқармаларға бөлінген кредиттер, гранттар, субсидиялар бойынша ақпаратты, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, шығармашылық және спорттық тапсырыс, инвестициялық жобалар бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер департаментіне ұсыну міндеттелді.
Облыс әкімі салық базасын ұлғайтудың өңір экономикасы үшін маңызын атап өтіп, мақсатқа қол жеткізу жолында барлық деңгейдегі әкімдер өз құзыреті шегінде облыс бюджетінің кіріс бөлігін толықтыруға аса жауапкершілікпен қарауы қажет екенін ескертті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<