Самға, Мұқтар!

1208

0

Соңғы аптада қызылордалықтар қос бірдей қуанышқа кенелді. Сыр ұланы Мақсат Исағабылов 5 мың палуаннан оза шауып, «Қазақстан барысы» атанды.

Ал, Шығыстағы Қатонқарағай ауданының орталық саябағында өткен «Алтайдай жер қайда?!» атты халықаралық ақындар айтысында жерлесіміз, үш дүркін «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, айтыстың ақтаңгері Мұқтар Ниязов бірінші орынды жеңіп алды.

Ұлт өнерінің додасына Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолияның айтыскерлерімен қатар еліміздің – Б.Шойбеков, Р.Зайытов, Е.Қайназаров, Р.Қайыртай, Ә.Ереже, секілді от ауызды, орақ тілді ақындары бақ сынады. Ақындардың өнеріне Алмас Ахметбек, Ұлықбек Есдәулет, Серік Құсанбаев, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Кәмел Жүністегі сынды сөз зергерлері қазылық жасаса, айтысты Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді.

Айтысты ұйымдастырып, елге қызмет жасаудың ғажап үлгісін танытып жүрген азаматтардың бірі – «Aitas kz» АҚ бас директоры, құс етін өндіретін халықаралық деңгейдегі алып өндіріс иесі Серік Толықбаев. 

Қалың қазақтың ортасында отырғандардың біле бермеуі де мүмкін, шекарадағы көп аудандардың жағдайы мәз емес. Елшіл азаматтардың мақсаты – туған жерінің адам капиталына күш салу және оның негізін ұлттық идеологиямен қалау, жаңа Қазақстанның бір жағын жақсы іспен толықтыру.

Туған жерін қастерлеген сондай саңылақтар айтыскерлердің тақырыбына айналды.

Сөздің киесі мен қуатын бойына дарытқан Мұқтар бауырымыз қандай тақырыпқа салсаң да суырылып алға шыға беретін жүйріктігінен бұл жолы да танбады. Аламанда тарпыған алтын тұяқтай күллі жұрттың назарын өзіне аударды.

Қанатың талмасын,  алтын ұл!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<