Қала әкімі Асылбек Шаменов «Qosyl premiya» қала жастарының қорытынды кешіне қатысып, «Самғау» жастар сыйлығының иегерлерін марапаттады.
Жастар кешінде сөз алған Асылбек Шаменов «Қызыр дарып, құт қонған шаһарымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жастарға жасалған үздіксіз қолдаудың нәтижесінде «QOSYL» жастар орталығының республикада үздіктер легін бастауын жылдың басты жетістігі десек болады» деп, Сыр өңірінде Шығыс жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаевтың бүгінгі ізбасарлары деген атқа лайықты жастар шоғыры қалыптасып келе жатқаны көңіл қуантатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Qosyl» жастар орталығына «Jastar belgisi» жастар орталықтары үшін сапа белгісі» бағдарламасына қатысып, жеңімпаз атанғаны үшін 2-дәрежелі күміс белгіні табыстады. Дәстүрлі қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы биыл он бірінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Айта кетейік, конкурс жеңімпаздары бұған дейін құжат тапсыру арқылы анықталса, биыл конкурс талаптарына өзгертулер енгізіліп, 10 номинация бойынша сынға түскен үміткерлер арасында 10 қызылордалық жеке дара көш бастады. Әр номинация бойынша үздік шыққан 10 жасқа 100 мың теңге және Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының естелік статуеткасы табысталды.Сонымен қатар, салтанатты жиында жастар саясаты саласында табысты еңбек етіп жүрген азаматтар, Қызылорда қаласы жастарының дамуына ерекше қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, азаматтық қоғамды қалыптастыруда өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар жастар қала әкімінің «Алғыс хаты» мен «Qosyl» жастар орталығының «Атаулы премияларымен» марапатталды. «Самғау» жастар сыйлығы белсенді жастардың одан әрі шығармашылығын шыңдап, саяси-мәдени, рухани байлығын арттыруға қолдау көрсету, көтермелеу мақсатында дәстүрлі түрде жалғасын таба бермек.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<