«Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасын қабылдады

248

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады.

Президентке Қордың биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің негізгі қорытындылары және алдағы жұмыстарының жоспары таныстырылды.

Нұрлан Жақыповтың айтуынша, басты өндірістік көрсеткіштер жоспарға сәйкес атқарылып отыр. Қордың кірісі 7,9 триллион теңгені құрады. Бұл белгіленген жоспардан 7 пайызға артық.

Қор тікелей шетелдік инвестицияның катализаторына айналды. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы, энергетика, көлік және логистика, машина жасау, цифрландыру салаларындағы жобаларға шетелдік серіктестерімен бірлесіп инвестиция құяды.

Мемлекет басшысына «Самұрық-Қазына» тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53,5 триллион теңге болатын 130-дан астам жоба бар екені баяндалды. Мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, логистика салаларында және тау-кен өнеркәсібінде жүзеге асырылатын жобалар ел экономикасына мультипликативті әсер етеді деп күтілуде.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қордың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы қайырымдылық жобалары туралы мәлімет берілді. Елімізде 40 оңалту орталығы ашылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Қор жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты тапсырма берді.

Серіктестік серпіні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёеваны қабылдады.

Кездесу барысында екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстанның одақтастық әрі стратегиялық сипаттағы қарым-қатынасын атап өтіп, жоғары деңгейдегі саяси диалогтың тиімділігін арттыра түсу үшін екі ел президенттерінің әкімшіліктері арасындағы тығыз байланысты жолға қою маңызды екеніне назар аударды.

Кездесуде ақпараттық-идеологиялық, мәдени-гуманитарлық, білім беру және жастар саясаты салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселесіне айрықша мән берілді.

Президент Астанада халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойынының өткізілуіне қолдау білдіріп, мұндай іс-шаралар халықтарымыздың арасын жақындата түсетінін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<