Сыр өңірі – түрлі ұлт өкілдері ұйысып отырған киелі мекен. Бір кездері ата-бабасы ту тіккен туған жерден қиындықпен ұзап, қоныс аударған олардың қай-қайсысына да қазақ халқы ыстық құшағын айқара ашты.
1996 жылдан бері тойланып келетін «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесі биыл да сән-салтанатымен аталып өтті. «Сыр-Ана» монументі алаңындағы мерекелік іс-шарада қазақ халқы және басқа да ұлттардың дәстүрлі қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі ашылды. Нағыз шеберлер дайындаған көптеген туындыларды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аралап көріп, баршасына мерекелік лебізін білдірді. Сондай-ақ мұндағы гүлдер фестивалі мерекенің сәнін келтіріп, жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

– Ұлы мақсаттарды ұлықтаған, достыққа құшағын айқара ашқан Қазақстан халқы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім артып, дамудың жаңа көшін бастады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында «Халқымыз бірлік пен тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!» деп елдегі тұрақтылық пен келісімнің негіздерін атады. Бүгінде елімізде 130-дан астам, облысымызда 35 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олар Әділетті Қазақстанның қалыптасып, өсіп-өркендеуі, бәсекеге қабілетті болуы жолында аянбай еңбек етуде. Айналамызда болып жатқан жағдайларға зерделей қарасақ, бейбітшілік пен тыныштықтың қадірі арта түсері анық. Сондықтан біз бірлігімізді болаттай берік етіп сақтауымыз қажет, – деді облыс әкімі.
Шараның концерттік бағдарламасында барлық ұлт өкілдері өнер көрсетті. Этностар ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес би билеп, ән шырқады. Әсіресе, патриоттық әндер бірлік пен татулық ұғымын ұлықтап, мерекенің мән-мағынасын айшықтай түскендей. Сондай-ақ шарада бейбітшілік құсы – ақ көгершін мен түрлі-түсті шарлар көкке ұшырылды.
– Мамырдың осы мамыражай мерекесі – еліміздің тұтастығы мен ынтымағының белгісі іспеттес. Елдегі тұрақтылықты сақтай отырып, ерінбей еңбек ету жолында Сыр елінің үлесі орасан зор. Бұл тұрғыда саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Бүгінде киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған әртүрлі этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» деген сөзді ұранға айналдырған.
Облыстағы этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері, әр этностың ұлттық мерекесі жыл сайын тұрақты түрде аталып өтіледі. Бұл барлық этностардың ауызбіршілікте өмір сүруіне, қоғамдық келісімнің берік нығаюына үлкен ықпал ететіні сөзсіз. Бүгінгі мерекенің де басты бағыты – еңбек пен бейбітшілік. Көптеген жылдар бойы миллиондаған тағдырлардың тоғысуы, жүздеген ұлттың өзара араласуы, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуы – болаттай берік бірлігі бар еңселі ел болуымызға негіз болды, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов.
Тарихта 1937 жылы Қиыр Шығыс өлкесіндегі корейлерді Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетіне күштеп көшіргені белгілі. Содан бері 86 жыл өтті. Корей халқы сол кезеңдері салт-дәстүрін сақтау құқынан айырылып, тұратын жерін таңдаудан қалды. Жер аудару кезінде үлкендерден бөлек, балалар көп қайтыс болған. Деректерде оларды тауар мен мал таситын вагондармен әкелгенін айтады. Ал жергілікті ұлт корейлерді құшақ жая қарсы алып, олармен барын бөлісе білді. Олардың да қазақ халқының мейірімділігі мен қонақжайлығына айтар алғысы шексіз.
– Жалпы өмір жолымдағы жеткен жетістіктерім үшін қазақ еліне, оның қонақжай халқына басымды иіп өтемін. Қазақстан – өзімнің Отаным, өскен жерім. Біз қазақ халқына борыштармыз. Ата-бабамыз «Қазақтарды сыйлаңдар, біздің тірі жүргеніміз, сендердің амандықтарың – тікелей бауырмал қазақ халқының арқасы» дейтін. Сол қамқорлықты бүгінгі буын жақсы сезінеді. Қазақ ағайынның қамқорлығын көрген барлық ұлт өкілдері де осы ойда деп ойлаймын, оларға деген біздің алғысымыз мәңгілік, – деп ағынан жарылды облыстық корей этномәдени бірлестігінің белсендісі Алла Мян.
Ал облыстық шешен этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Лайла Пашаева бір шаңырақ астындағы халықтар достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, елдегі татулық әрдайым берік болатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, айтулы күні мұндай шаралар облыстың барлық аудандарында да кең көлемде ұйымдастырылды. Түрлі хореографиялық композиция, этностардың ұлттық ән-биі мен дәстүрін дәріптейтін қойылымдар арқылы әр аудан өнерпаздары тұрғындарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ержан Қожас,
«Сыр бойы»





