Сан ұлтқа сая болған

778

0

Соғыс басталған алғашқы айдың өзінде Қызылордаға майдан ортасынан эвакуацияланғандардың бірінші легі – 10 мың адам келді. Олардың арасында түрлі ұлт өкілдері: армяндар, курдтар, немістер, поляктар, украиндар және т.б. бар еді. Арал ауданына Молдовадан 40 отбасы, облысымыздың басқа аудандарына Балтық жағалауынан 2486, оның ішінде 1413 неміс отбасы көшіп келген.

      Осы жылы Қызылорда облысына тағы да эвакуациямен болгар, грек, еврей, корей, латыш, орыс, поляк, румын, сыған, серб, татар, чуваш ұлтынан барлығы 30062 адам келді.

1943 жылы желтоқсан айында облыс орталығында эвакуацияда болған поляк балалары үшін өз тілдерінде бастауыш мектеп пен балабақша ашылған. Жер ауып келген түріктер, шешендер, қытайлар және басқа халықтардың Сыр бойы тұрғындарының шынайы ықыласына бөленіп, достықтары жарасқаны туралы мол деректер табылады.

Қызылорда қаласында соғыста жараланған жауынгерлерге арналған №№1581, 2061, 3978 және Қармақшыда №2103 эвакуациялық госпитальдер, Қазалыда әскери-санитарлық бақылау пункті жұмыс жасады.

Солтүстік Кавказдан шешендер, ингуштар, Грузия территориясынан түріктер, Малдова АКСР-нен ондаған ұлттың өкілдері 1944 жылы жер аударылды. Барлығы – 6665 отбасы, 22383 адам. Осылардың ішінде көбісі Солтүстік Кавказдан келгендер еді. Олар 4416 отбасы, 15856 адам облыс аумағындағы аудандарға бөлінді. 237 шешен-ингуш ағайындар қаламыздағы артельдерге жұмысқа орналастырылды.      Қалмақтар түгелдей 650 отбасы, 1777 адам тек Арал ауданына қоныстандырылған, негізінен балық өндірісі мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген. Мысалы, Арал қаласындағы «Аралсульфат» комбинатында, «Аралтұз» тресінде 128 қалмақ еңбек еткен. Жұмысшылардың көбісі жоспарды артығымен орындап, стахановшылар қатарына қосылған. «Рыболовпотребсоюз» тігін шеберханасында 22 адам стахановшылар қатарына қосылып, жылдық жоспарды 130-160 пайызға орындап отырды.

Ал 378 түрік отбасындағы 1691 адам қалған жер аударылғандармен бірге аудандарға бөлініп, ауыл шаруашылығында және өндіріс орындарында адал еңбек етті.

Жосалы механикалық зауыты түсті металл шығарудан жылдық жоспарды 1943 жылы 110, 1944 жылы 130 пайызға орындаған. Орталарынан 30 пайызға жуық стахановшы-озатшылар шыққан. Атап айтқанда, шешен ұлтының азаматтары, токарь маманы М.Байбатыров жоспарды 300, Б.Эдильсултанов, Б.Галаев, М.Боршигов 200 пайызға орындап отырған.       

Жалағаш ауданының «Путь Октября» колхозында арнайы жер аударылған 28 шешен отбасы тұрды, олардың ішінде 36 адам еңбекке жарамды болды. Осы адамдардан бөлек, жұмысқа жасөспірімдер де жұмылдырылған. Мысалы: 14 жасар балалар Маханов Валит 156, Ишхабов Баха 191, ал 12 жасар Снугуров Жунид 179 еңбек күнін шығарған.

Шиелі ауданының «Гигант» колхозында еңбек күшінің 20 пайызын арнайы жер аударылғандар құрды. 1943 жылы колхоз 390 гектар жерге егін ексе, 1944 жылы, арнайы жер аударылғандарды жұмысқа жұмылдырғаннан кейін, егістік жердің көлемі 530 гектарға созылды.

Жаңақорған ауданының «Горняк» совхозындағы Ащысай түрлі-түсті металл комбинатында жұмысшылар санының жартысын арнайы жер аударылған шешен азаматтары құраған. Олардың 30 пайызы стахановшылар қатарына қосылған. Совхоздағы ауылшаруашылық жұмысына араласқандар жылдық егін егу жоспарын 1943 жылы 73, 1944 жылы 82, 1945 жылы 89 пайызға артық орындауға ықпал еткен.

Донбастан эвакуациямен келген адамдарға орыс және украин тілдерінде Артем атындағы Украина театры жұмыс істеді. Театр екі қойылым қойып, одан түскен 14 мың сомды майдангерлердің балалары қорына аударды. Артем драма театры 1943 жылдың 11 маусымында облыстық атқару комитетінің грамотасымен наградталған.

Сондай-ақ, облысымызға эвакуацияланып келген жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы студенттерге білім берумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тоқтаусыз жалғастырып, ерекше тер төкті. Профессор-оқытушылар облыс экономикасы мен мәдениетін, табиғатын зерделеуге ерекше мән берді. Жоғары оқу орындарынан Украина Біріккен университеті, Мәскеу ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты, Қырым медициналық институты Қызылордаға, Черкасскінің ауылшаруашылық институты Қазалыға, ал әскери-малдәрігерлік академия Аралға орналасқан.

Сыр елінде үш жылға жуық тұрақтаған Украина Біріккен университеті ғалымдарының көптеген еңбектері облысымыздың халық шаруашылығы, еліміздің ғылым, қорғаныс салаларының дамуына игі әсерін, практикалық пайдасын тигізді.

Сан ұлтқа сая болған
Поляк балалары үшін мектеп ашу туралы, 1943 ж.
Сан ұлтқа сая болған
Қоныс аударылған шешендердің балаларына арнап балалар үйін ашу туралы, 1944 ж.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<