Облыста осы күні мүмкіндігі шектеулі 33 мыңнан астам адам бар екен. Бірақ соның бәрі денсаулығына шағым айтып, мемлекетке масыл болып отыр деуге келмейді. Кейбірі тіпті аяқ-қолы балғадай адамның өзін он орап алатынын көріп жүрміз.
Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы ғимаратының табалдырығын аттағанымызда біз осындай көріністің куәсі болдық. Денсаулығында кінәрат болғанына қарамастан, тағдырдың жазуына төтеп беріп келе жатқан жандар мұнда жиі бас сұғады. Көңілі қалаған іспен шұғылданып, әртүрлі мазмұндағы іс-шараларға қатысады.
Қоғамдық бірлестік қызметкері Әсия Сарықұлова төрт қабырғаға телміріп отырған тағдырластарының арасында талантты, еңбекке бейім, ісмерлікке епті жандар көп екенін, олардың да көлеңкеде қалып қоймай, жарыққа шыққысы келетінін жеткізді.
– Дені сау бола тұра жалқаулықтан жұмысқа мойны жар бермейтіндер бар. Оның қасында қол қусырып қарап отыра алмайтын тағдырластарым әлдеқайда мықты. Мысалы, ұйым төрағасы Айдар Садретов үстел теннисі мен волейболды отырып ойнаудан жарыстарға қатысып, тұғыр биігінен көрініп жүр. Салтанат Темірбекова тоқымамен, Ерсұлтан Бектемір, Бейбіт Кейкеев спортпен, Шаттық Сәрсенбаева, Раушан Жүсіпова, Анар Әбілдаева, Манат Мұзаппарова, Бақытгүл Мұқтасынова, Гүлжанат Ескендірова қолөнермен, Жанар Алдамұратова тырнақ сәндеумен, Сафура Антазиева тігінмен айналысады. Айта берсек, еңбекқорлығымен, табандылығымен талайды сүйсіндіріп, өзін дәлелдеп жүргендер жетерлік, – дейді Әсия Сарықұлова.
Ал өзі ұрпақтан ұрпаққа ауысып, халықтың тұрмысымен біте қайнасып келе жатқан төл өнеріміз – қолөнерді дамытуға және оны жастар арасында насихаттауға үлес қосып жүр.
Ұйым әртүрлі игі іс-шараларды өткізуге мұрындық болып келеді. Мысалы, «Жұбымыз біздің жарасса» шоуы мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты жандардың бір-бірімен танысып, табысуына бағытталған. Соның ықпалымен жұп құрап, отбасылық өмірге қадам басқандар баршылық. Ал «Екі жұлдыз» жобасының мақсаты бойынша мүгедектігі бар адам мен кәсіби әншінің бір сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік беріледі. «Өзіңе сене баста!» атты облыстық көрме-байқауда ісмерлігі бар ұйым мүшелері ағаш, тоқыма, сурет, тағам мен өзге де көптеген өнім түрлерін әзірлеп, көпшілік назарына ұсынады. Мәдени-спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады, жүлдегерлер мен жеңімпаздар лайықты құрметтен тыс қалған емес.
– 2015 жылы жол апаты кезінде жамбасым сынған болатын. Он жылдан бері волейболды отырып ойнаудан облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүрмін. Жетістіктерім бір төбе, – дейді спорт шебері Бейбіт Кейкеев.
Бірнеше өнерді бір бойына сыйдырған Раушан Жүсіпова арманын ешқашан аяқасты еткен емес. Бесаспап десе, бесаспап. Асаба, әнші, биші ретінде той-томалаққа шығып тұрады. Сахналық киімдерін өзі пішіп, тігіп ала береді. Оған қоса 18 жылдан бері шаштараз болып түрлі сұлулық салонында еңбек етті.
– Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың шашын тегін алып беремін. Негізгі көп табыс әкелетін кәсіп – осы. Бірақ маған бәрінен бишілік өнер аса жақын, – дейді қайсар келіншек.
Ісмер Сафура Антазиеваның да өмірге құштарлығын көпке үлге етуге болады. Ол өзін сау адамнан еш кем санамайды.
– Жолдасым да – мүмкіндігі шектеулі азамат. Аллаға шүкір, төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Бірақ мен өзімді мүгедекпін деп есептемеймін. Тігіншілікпен айналысамын. Бұл кәсіптен нәпақамды айырамын, жаныма қуат аламын, – дейді ол.
Бүгінгі кейіпкерлеріміздің қай-қайсысы да – бізге мотивация. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Бірі туабітті науқас болса, енді бірі өмір жолында кездескен келеңсіз жағдайдан кейін денсаулығынан айырылды. Алайда олар ешқашан арманы мен үмітінен қол үзген емес. Алға жетелейтін де – сол екеуінің күші.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<