Сандарды сөйлеткен сала

427

0

Статистика мемлекет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистиканың саяси және бизнеске қатысты шешім қабылдауда, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде рөлі зор.

Бұл – қоғамдағы құбылыстарды, процестерді сандық және сапалық жағынан тығыз байланыстыра отырып, қай жерде және қай уақытта болғанын зерттейтін қоғамдық ғылымның бір саласы. 

Қоғамдық ғылым ретінде бертінде пайда болды. Оның даму тарихы XVII ғасыр аяғында Англияда басталған. Негізін қалаған ағылшын ғалымдары Джон Граунд және Вильям Петти «Саяси арифметика» атты еңбек жазған.

Ал елімізде бұл саланың құрылғанына ғасырдан асты. 1920 жылы 8 қарашада Қазақ КСР-де статистика қызметі құрылып, бүгінде 104 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстанның статистикалық жүйесі халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Халықаралық ұйымдардың жан-жақты жүргізген бағалауының арқасында еліміздің статистикалық көрсеткіштері жоғары сапасымен және БҰҰ статистикасының іргелі қағидаттарына сәйкестігімен танылды.

Адам өмірінің әр белесін қағазға түсіріп, қоғамның әр құбылысын санмен өрнектеген статистика мамандарының жұмысы оңай емес. Бүгінде Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінде 88 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олар барлық саладан деректерді сұрастырып, зерделеп, статистикасын шығарады.

Сандарды сөйлетсек, 9 айдың қорытындысы бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталған. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 2, өңдеу өнеркәсібі 28, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,8, негізгі капиталға салынған инвестиция 25,1, құрылыс жұмыстары көлемі 43,6, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 4,6  және сауда көлемі 6 пайызға артқан.

Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Гүлмира Иманбаеваның айтуынша, өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалады.

–    Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 807,1 млрд теңгені құраған  өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім бар.  Жыл басынан облысқа 423,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1%-ға артық. Құрылыс жұмыстарының көлемі 173,8 млрд теңгені құрады. Облыста 2934 тұрғын ғимарат, оның ішінде 2802 жеке және 128 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың жалпы ауданы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға өсіп, 646 мыңнан астам шаршы метрді құрады, соның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы алаңы 61,3%-ға өсті. Ал пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы алаңы 1,1% азайды, – деді ол.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 147,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары болды. Соның ішінде өсімдік шаруашылығы 104,4%, мал шаруашылығы  102,5%. Сауда көлемі 593,1 млрд  теңге болды, өсімі 6 пайыз.

Қызылорда облысының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен (Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Армения) өзара сауда көлемі 172,1 млн АҚШ долларын құрап,  өткен жылғы қаңтар-тамызға қарағанда 2,8 есе өсті.

Көпшілікті күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы толғандырады. Азық-түлік тауарлары бағасы 3,7,  азық-түлік емес тауарлар 5,3, ал ақылы қызметтер 12,4 пайызға жоғарылаған. Жыл басынан картоп 37,4, теңіз өнімдері 9,8, сары май, алкогольсіз сусындар 6,4, сүт өнімдері 5,8 және макарон өнімдері 5,4 пайызға көтерілген. Ал қарақұмық жармасы 32,9 пайызға төмендеген. Зергерлік бұйымдардың да қымбаттағаны көрінеді. Аяқ киім, жиһаз, үйге қажетті бұйымдар, автокөлік және фармацевтикалық өнімдер бағасы өскен. Стоматология, нотариус, сақтандыру, тұрғын үйді жалға алу, мейрамханалар мен қонақүй қызметтерінің бағасында да өсім бар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<