Сапа қатаң сұралады

589

0

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Арал ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.

Алдымен, Арал қаласындағы №6 шағын ауданда инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстарының барысын көрді. Мұндағы электр желісінің құрылысын «КРЭК» АҚ, су құбыры желісін «Жанарту» ЖШС жүргізуде. Екі жоба да республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Қазіргі таңда шағын ауданның құрылыс-монтаждау жұмыстары өз деңгейінде атқарылуда.

Мұнан соң, облыс әкімінің орынбасары Сексеуіл кентіне барып, газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысын көрді. Кент аумағында газ құбырын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 40000 метрді құрайтын кентішілік газ желісін тартуға 5 трактор және 18 қызметкер жұмылдырылған. Бас мердігер – «AKBARS STROY LTD» ЖШС.

Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекенінде апатты деп танылған №248 орта мектеп жеке кәсіпкердің демеушілігі есебінен қайта салынуда. Мархабат Жайымбетұлы ондағы жұмыс барысын да арнайы назарға алды. Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Қазіргі кезде тоқтап қалған құрылыс нысанының жұмыстары қайта жанданып, тиісті деңгейде жүргізілуде.

 «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан Қамыстыбас елді мекеніндегі денешынықтыру және сауықтыру кешені де назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте салалық басқарма мен мердігер мекеме басшыларына  нысанды талапқа сай сапалы етіп жуық арада аяқтау тапсырылды.

Сапар барысында барлық нысандар бойынша тапсырыс беруші облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне, мердігер мекемелер жетекшілеріне құрылыстарды уақытында бітіріп, сапасына үлкен жауапкершілікпен қарау жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<